Қызылша — жедел жұқпалы ауру.
Алғашқы белгілері: қызуы көтеріліп, әлсізденіп, тамаққа тәбеті нашарлап, мұрнынан су ағып, ащы жөтел пайда болып, көзі қызарып қабынады. Одан жұмсақ және қатқыл таңдайда теңбіл (пятнистая) бөртпелер пайда болады. Екі ұрттың үстінде қызылшаға тән майда ақшыл бөртпелер кілегей қабығының үстінде ерекшеленіп тұрады.
Ауру белгілері байқалса, сау адамдарға жұқтырмас үшін қарым-қатынасты дереу тоқтату керек. Мұндайда бірден емханаға барып, зертханалық сынамаларын алғаннан кейін диагнозды инфекционист-дәрігерлер қояды. Ауру адам қан және зәр тапсырады. Дәрігердің жолдамасымен тағы да қажетті анализдерді тапсыруы ықтимал. Дәрігерлер аурумен қарым-қатынаста болған адамдарың бәрін 21 күн бойы тексереді.
Аудандық аурухананың “Жұқпалы аурулар” бөлімінде биылдың өзінде 3 ересек, 20 бала қызылшамен жатқызылып, емделіп шықты.
Қызылша ауруының алдын алу — уақытылы егу жұмыстарын жүргізу, үйде қызылшамен ауырған науқас болғанда қарым-қатынасты шектеу қажет.
Қызылша ауруынан сақтанудың ең тиімді жолы екпе болып табылады.