
Алматы облысында алғаш рет ұйымдастырылған Қымызмұрындық Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында өтті.
Жайлауда 40-қа жуық киіз үй тігіліп, оның жартысында қазақы дәстүр мен салт-сананы насихаттайтын көрме қойылды.
Тау етегінде өткен фестивальда ауыл жастары қошқар мен гір тасын көтеру, қазақ күресі сияқты ұлттық ойындарда өзара бақ сынасты.
Қымызмұрындықта этно-мәдени орталықтардың мүшелері де бой көрсетті. Себебі, шараны ұйымдастырудағы мақсаттың бірі - түрлі ұлт өкілдерінің бірлігін нығайту. Бұдан бөлек, фестивальға шетелдік туристер де келді. Сонымен қатар "Агро тех сила" серіктестік мамандары, яғни, инвесторлар өз өнімдерін таныстырды.
Расында да, ұлттық дәстүр ерекше ұлықталды. Мәселен, сауыншы әйел бие сауып, сүт алудың өзіндік әдіс-тәсілдерін таныстырды. Түйені шөгеріп, тең артудың амалдары да көрсетілді.
Сондай-ақ көрермендер де өз пікірін білдіріп, шара жоғары деңгейде өткенін айтты.
Мыңдаған адам жиналған әрі бірнеше бағытты қамтыған фестиваль теңге ілу, садақ ату, қыз қуу, Аламан және Құнан бәйге секілді делебені қоздырып, тақым қысатын ұлттық ойындармен аяқталды. Бәйгенің өзіне 2500-ге жуық көрермен жиналды. Құнан бәйгеде 40, Аламан бәйгеде 60 сәйгүлік бақ сынасқанын да айта кеткен жөн.
Кеген ауданында әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадағы орын алған келеңсіз жағдайға байланысты ұйымдастырушыларға қатысты мән-жағдай анықталуда.