
Қанат Біржансалұлы 1987 жылдан баспасөз саласында еңбек етті. Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Қазақ радиосына қарасты Нарынқол аудандық радиохабарларын тарату редакциясының жауапты редакторы болды.
Райымбек аудандық «Хантәңірі» газетінің Нарынқол өңіріндегі меншікті тілшісі, газеттің бас редакторы қызметтерін атқарды. Ұзақ жыл Алматы облыстық «Jetіsý» газетінің Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандарындағы меншікті тілшісі бола жүріп, басылымның мазмұнын байытты. Оның мақалаларын оқырман іздеп жүріп оқитын. Арда азамат, қаламы жүрдек журналист, ойлы, сырлы, мөлдір жырларымен жадымызда мәңгі сақталады.
Қанат Біржансалұлы «Қарашада қара үй тұр», «Соғыстың соңғы солдаттары» атты тарихи-танымдық кітаптардың және «Мөлдір моншақ», «Тәңір тауға табынам» атты жыр жинақтарының авторы.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің "Еңбек ардагері" медалімен Алматы облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
Кеген ауданының әкімдігі марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!