
ЕР ЕСІМІ - ЕЛ ЖАДЫНДА
Социалистік Еңбек Ері Іңкәрбек Жұмағұловтың 100 жылдығы аталып өтті.
Кеген ауданынан шыққан Социалистік Еңбек Ерлері баршылық. Өз тұсында білімі, білігімен, іскерлік қабілеті, адами болмысымен шаруашылық басқарып осындай үлкен мерейге ие болғандардың қатарында Кеген өңірінен Іңкәрбек Жұмағұлов пен Нарынқол өңірінен Нүсіпбек Әшімбаев бар. Кеген ауданында Социалистік Еңбек Ері Іңкәрбек Жұмағұловтың 100 жылдығы лайықты аталып өтті. Іңкәрбек Жұмағұлов өз тұсында Балқаш ауданында, туып-өскен Кеген ауданында бірнеше шаруашылықты жемісті басқарды. Ауылшаруашылығына сіңірген ерен еңбегі, ұйымдастырушылық қабілет-қарымы орнымен бағаланып, Еңбек Ері атанды. Кеген ауданы Шырғанақ ауылындағы орта мектеп көп жылдардан бері Іңкәрбек Жұмағұловтың атымен аталады. Бұл өңірден шыққан біртуар азаматқа, тұлғалы перзентке көрсетілген орынды құрмет.
Еңбек Ерінің ғасырлық жақсылығына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жанна Телпекбаева, Жанарбек Әшімжан, Закиржан Кузиев, Мәди Ахметов, қоғам қайраткері Болат Нұрғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағанбетова ортақтасты. Танымдық конференцияда Кеген ауданының әкімі Талғат Байедилов Социалистік Еңбек Ері Іңкәрбек Жұмағұлов туралы сөздің басын бастады. Соңғы жылдар аумағында аталған орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Заманға лайық жаңғырып, жайнады. Аудан әкімі алыстан ат арылтып келген қонақтардың қадамына сәттілік тіледі. Осынау білім ордасынан атағы алыс кеткен алдыңғы толқын ғалымдардың, өнер тарландарының, қоғам қайраткерлерінің ізін жалғайтын білімді, зерделі, ақылды, қалыптасқан жас ұрпақ қанаттансын деген жақсы сөзін жеткізді.
Осы күні Еңбек Ерінің ғибратты ғұмырынан сыр шертетін «Өнегелі өмір» атты кітаптың тұсауы кесілді. Қоғам қайраткері Болат Нұрғазиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жанарбек Әшімжан, Закиржан Кузиев, ардагер журналист Шыңғыс Тұрсынов, Еңбек Ерінің ұлы, асыл тұяғы Бекзат Жұмағұл, Шырғанақ ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермахан Құрманғалиев сөз алып, естелік әңгімелерін айтты, Еңбек Ерінің артында қалған елі-жері аман болсын деді.