
ЕЛІ ЕРІН ҚАРСЫ АЛДЫ
Қасиетті, айлардың сұлтаны саналатын Рамазан айының жақсылығын айтсаңызшы?! Кеген ауылының, Кеген өңірінің тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді де қалды. Өзегінен шыққан ұлдары, осында мектеп бітіріп, азамат болып ат жалын тартып мінген палуан перзенттері ауылының, ауданының атын асқақтатты. Мерейін көтерді, мәртебесін биіктетті. Бой десе бойы бар, ой десе ойы бар, күш пен жігер, қайрат пен намыс тұнған келісті келбеті бар Бексұлтан Әнуарұлындай палуан ұлдары кеше ғана облысты дүбірлеткен «Жетісу бөрісі» атты түйе палуандар, жамбастары оңайлықпен жер иіскей қоймайтын нағыз жігіттер, ерен ерлер, нар тұлғалы палуандар қатысқан үлкен додада 3 орынды жеңіп алды. Сөйтіп, кіл мықтылар бас қосатын сұрапыл бәсекеде мықтылардың мықтыларының қатарынан орын алды. Бұл 22 жастағы спортшы үшін үлкен жеңіс, мерейлі мәртебе.
Бексұлтан Кеген ауылының бір перзенті. Әнуардай қарапайым азаматтың шаңырағынан шықты. Ө. Жаңабаев атындағы орта мектептен қанаттанды. 8 сыныптан бастап Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебінде нәр алды. Одан кейін Алматы қаласындағы республикалық спорт колледжінде білімін жетілдірді. Спорттағы шеберлігін шыңдай түсті. Қазіргі таңда Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде 3 курс студенті. Спортта қол жеткізген жетістіктері қуантарлық. Жасөспірімдер арасында қазақ күресінен және дзю-до күресінен Қазақстанның чемпионы. Жастар арасында дзю-додан Қазақстанның чеипионы, Азияның күміс жүлдегері. Дзю-до күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасында Қазақстанның чемпионы. Бұл оңай жетістік емес. Бұл тынбай еңбектенген, ерінбей жаттыққан, маңдайынан моншақтатып терін төккен жас палуанның күрестегі жетістігіне толы алғашқы қадамдары. Ендеше, одан күтер үміт мол.
Қасиетті Рамазан айының соңғы күні Ораза айт мерекесінің алғашқы күні Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Айбол Нүсіпқожаев, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Азамат Дүмбіров, «Жерұйық Кеген жастары» бастаған азаматтар Бексұлтандай «Жетісу бөрісін» Қайқының асуындағы Қалыбек батыр ескерткішінің алдында қарсы алып, игі тілектерін білдірді. Тәуелсіз мемлекетіміздің көк байрағын желбіретер палуан бол деген ниеттерін жеткізді. Кеген аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған әжелер ансамблі қуанышты сәтті әнмен ажарлап, шашуларын шашты.