
ЫНТАҢ БОЛСА, КӘСІП АШ, ЕРІНБЕЙ ЕҢБЕКТЕН
Ұзынбұлақ аулының бір перзенті, айтулы түлегі, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Сейдолла Сәрсековтың тікелей қолына алып, ұйымдастыруымен Ұзынбұлақ ауылдық мәдениет үйінде жаңа жұмыс орнын, шағын өнідіріс орындарын ашсам деген ниеттегі азаматтар үшін семинар ұйымдастырылды. Алматы қаласынан арнайы келген "PROSNAB sevice" ЖШС-нің өкілі Мухидин Кутербаев пен "Ұлағатты ұрпақ" қоры жетекшілерінің бірі Айдар Мәсімғазы бастаған арнайы мамандары аудан аумағынан ынта-ықыласы бар, табанды еңбек ете алатын азаматтар үшін тиімді ұсыныстарын ортаға салып, іс-тәжірибелерін бөлісті. Атап айтқанда, бар тірлігі, ырысы мен берекесі ауылшаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығына негізделген ауданда ет пен сүт өңдейтін шағын өнідіріс орындарын ашуды және әркімнің қолынан келетін табиғи тыңайтқыш "Биогумусты" өз ауласында дайындауды, игілікке жаратуды ұсынды. Семинарда облыстық мәслихаттың депутаты Сейдолла Сәрсеков, аудан әкімінің орынбасары Бота Серікқызы, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Біләл Мәсімбаев тағы басқалар ойларын ортаға салып, осынау игі басқосуға арнайы келіп жақсы ұсыныстарын алға тартқан азаматтарға, мәртебелі қонақтарға алғыстарын айтты.