
Кеген ауылынан 36 үйдің кілті табысталды!
Ұлыстың Ұлы күні, есігін ашқан Барыс жылы Кеген ауданының бір топ тұрғындарына қоныс той қуанышын сыйлады. Атап айтқанда, Кеген ауылының шығыс жағынан салынған 36 тұрғын үйдің кілті салтанантты түрде берілді. Мемлекетіміздің «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған заманауи, жылы да жайлы, бар жағдай жасалған 3 бөлмелі үйлердің құрылыс жұмыстарын Батырхан Тоқтаев басқаратын «Құрылысшы – ТБС» ЖШС-нің құрылысшылары мен мамандары жүргізді. Тұрғын үйлердің инженерлік коммуникациялық желілерін, абаттандыру жұмыстарын «Каз Lux Строй» ЖШС –нің мамандары жүзеге асырды. Жалпы көлемі 878 миллион теңге қаражат бөлініп, тұрғызылған тұрғын үйлер өңірдегі көп балалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, баспанаға мұқтаж азаматтарға берілді.
Салтанатты ашылу рәсімінде Кеген ауданының әкімі Т. Байедилов жиналған көпшілікті, тұрғын үйлі болған жандарды Наурыз мерекесімен, жаңа қоныс қуанышымен құттықтады.
«Құрылысшы – ТБС» ЖШС-нің өкілі Тасқын Есенаманов, тұрғын үйлі болғандар атынан Индира Телақынова жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков ақ батасын арнады.