
Кеген ауданында мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер арасында спорттық жарыс өтті
Кеген ауданы Шырғанақ ауылында мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер арасында қысқы «Денсаулық фестивалі - 2022» жарысы өтті. Мақсаты қысқы спорт түрлерін насихаттау, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру және ұжымда жағымды ахуал орнату.
Аталған жарыс «Шаңғымен жүгіру», «Өнерліге өріс кең», «Кім жылдам», «Арқан тарту», «Гір көтеру», «Қыз қуу», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Дартс» сынды түрлерінен өтті. Жарысқа әр округ белсене ат салысып, барлығы 17 команда қатысты.
«Жарыс өте тартысты өтті деп айта аламын. Қарсылас командалар да мықты дайындалған. Мен өзім осы шаңғы теуіп жүргеніме 10 жыл болды. Осы жарыста шеберлігімді көрсете алдым деген ойлаймын. Жалпы жарысты ұйымдастырушыларға өз ризашылығымды білдіремін және бұл жарыс Пекинде өтіп жатқан қысқы олимпиада ойындарына қолдау.» - деп атап өтті Құрманғали Айбек.
Жарысқа аудан әкімі Талғат Байедилов мемлекеттік қызметтің маңызы мен жауапкершілігі зор екендігіне тоқталып, мемлекеттік қызметкерлерді салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Сонымен қатар, бұқаралық спортты дамыту үшін елді мекендерде спорт алаңдарын салу жалғасын табатынын жеткізіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша Ұзынбұлақ ауылдық округі 1-ші,
Бөлексаз ауылдық округі 2-ші, Шырғанақ ауылдық округі 3 орынды иеленді. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.