Жақыпжан Нұрғожаевтың 75 жас мерейтойы туған жерінде аталып өтті

Жақыпжан Нұрғожаевтың  75  жас мерейтойы туған жерінде аталып өтті

Жақыпжан Нұрғожаевтың 75 жас мерейтойы
туған жерінде аталып өтті. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысының және Райымбек, Еңбекшіқазақ аудандарының Құрметті азаматы, "Құрмет" орденінің иесі Нұрғожаев Жақыпжан Мысабекұлының есімі берісі Жетісу өлкесіне  жақсы таныс. Кеген аудандық мәдениет үйінде жерлестерімен өткен жылы жүзді жүздесуде Кеген ауданының әкімі Талғат Байедилов, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма төрағасының орынбасары, жазушы Мереке Құлкенов, Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров құттықтап, жетпістің бесеуіне келген қарымды қаламгерге лайықты сый-құрметтерін көрсетті. Осы күні Жақыпжан Мысабекұлы Кеген ауданының Құрметті азаматы, Қазақ Журналистикасы академиясының академигі атанды. Қазақстан Журналистер Одағының Алтын медалына ие болды. Белгілі журналист, қарымды қаламгер, сырлы суреткер Жақыпжан Мысабекұлы ұзақ жылдар Алматы облыстық "Жетісу" газетінің бас редакторы болды. Республикалық "Мұқағали" журналының жарық көруіне негіз қалады. Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына ақын жайлы хикаяттар, эсселер, әңгімелері топтастырылған "Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін" атты кітабын шығарып, Мұқағалиға арналған өлмес ескерткішін, қазақ әдебиетіне қосылар қымбат қазынасын қалдырды. Жазушының бұдан бөлек бірнеше кітаптары жарық көрді. қаламгердің туған жерінде өткен мерейлі қуанышына бір топ қоғам қайреткері, ақындар мен жазушылар, ел ағалары ортақтасып, жүрекжарды ыстық лебіздерімен бөлісті. Жақыпжан Нұрғожаев қуанышына орай ел-жұртпен жүздесу ұйымдастырған Кеген ауданының әкімдігіне, азаматтарына және Қазақстан Жазушылар, Журналистер Одақтарының, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының атына алғысын айтты.