
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Кеген ауданында жағымды жағдай орын алды. Атап айтқанда, «Нұр Отан» партиясы Кеген аудандық филиалы ғимаратында партияның жобасы аясында «Ұлттық мұра орталығы» сәтімен ашылды. Сан ғасырдан алтын арқау, жібек жолын үзбей жалғап келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды ұлағаттауға негізделген орталықтың ашылуына Кеген ауданының әкімі, партия филиалының төрағасы Талғат Байедилов, аудандық мәслихаттың хатшысы Тұрсынбай Әлімбай, бір топ халық қалаулылары ортақтасты. Орталықтың жұмысымен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Нұғыман егжей-тегжейлі таныстырды. Ұлтымыздың жақсы дүниелері орын алған орталықта балалар мен жасөспірімдер тоғызқұмалақ, қазақ шахматы ойындарын үйренеді. Ұмытылып бара жатқан бес тас, хан талапай секілді мәні мен маңызы бөлек ойындарымен айналысады. Сөйтіп, бір уақыт миларын шынықтырады, ойларын сергітеді, жандарын жадырата түседі. Мұндай ойындардың балалардың өсуіне, қалыптасуына тигізер пайдасы орасан. Тоғызқұмалақ ойына туралы Кеген ауылында тұратын тоғызқұмалақтан ересектер арасында республиканың 4 дүркін чемпионы, спорт шебері Гүлсім Мұсаева жан-жақты әңгімелеп берді. - Құрметті көпшілік! Бүгін ашылып отырған «Ұлттық мұра орталығы» жас ұрпақты туған елі-жерін сүйюге, салт-дәстүрімізді құрметтеуге, ұлттық ойындарымызды үйреніп қана қоймай өзгелерге дәріптеуге негіз қалайтын тамаша орын болады. Осылайша балаларымыз ұлтымыздың жақсылықтарын бойларына жинап, Тәуелсіз Отанымыздың келешегі болар нағыз патриот ұл мен қыз болып өсері даусыз. Орталықтың жұмысына сәттілік тілеймін!,-деді аудан әкімі Талғат Байедилов шын ниетін қуана жеткізіп. Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Нұғыман алдағы уақытта ұлттық ойын түрлерінен мемлекеттік қызметкерлер арасында, одан кейін ауылдық округтерде жарыстар өткізетіндерін алға тартып, оған лайықты қолдау көрсетіп отырған аудан әкіміне алғысын айтты.