«Street workout» көше жаттығу алаңдары ашылды

«Street workout» көше жаттығу алаңдары ашылды

Бүгінде ауданымызда бұқаралық спортқа көптеп көңіл бөлінуде. Жастардың түзу жолдан тайқымай, салауатты өмір салтын ұстануы үшін барынша жағдай жасалынуда. Кеген ауданының «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен Кеген ауылына 2 жерден «Street workout» көше жаттығу алаңдары орнатылған.
Бүгін Кеген аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Х.Зықаев, Кеген ауылының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Р.Есімбаев, Кеген ауданының «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-нің басшысы М.Мұса, Кеген аудандық «Дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ-нің басшысы Г.Мұқанғожаев және Кеген ауылдық округі әкімінің орынбасары М.Асылбековтың қатысуымен көше жаттығу алаңдары салтанатты түрде ашылды. Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы батасын беріп, жылы лебізін білдірді. Бүгінгі күні аудан бойынша Кеген, Қарқара, Саты ауылдарына жұмыстар толық аяқталып, Жалаңаш ауылына жұмыстар жүргізілуде. Олардың әрқайсысының аумағы да әртүрлі. Жаттығу алаңдарының көлеміне қарай оған қойылатын спорттық құралдар да түрліше болып келеді. Алдағы жылдары басқа ауылдарға орнату жұмыстары жоспарлануда. Ауылымыз үшін орнатылған нысандарды күтіп ұстап, бүлінуге жол бермеуге атсалысайық.