Премьер-Министр Көксу ауданында роботтандырылған ферманың жұмысымен танысты

Премьер-Министр Көксу ауданында роботтандырылған ферманың жұмысымен танысты

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Алматы облысына жұмыс сапары барысында ірі инфрақұрылымдық жобалар мен мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру барысын тексерді. Сапар барысында Үкімет басшысын облыс әкімі А. Баталов сүйемелдеді.

Асқар Мамин сапарында Көксу ауданы Балпық би ауылында орналасқан тауарлы сүт фермасында болды. Бұл - мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде құрылған құрылымы айрықша кәсіпорын. Түгелдей автоматтандырылған ферма инновациялық технологияны қолдана отырып, сапалы да мол өнім алып отыр. Голштин тұқымды 400 бас сиыр тәулігіне 9 тоннадан астам сүт береді.

Кәсіпорын басшысы Рахим Каримов ферма жұмысы туралы баяндап берді. Оның айтуынша, қазір дәл осындай 300 басқа арналған роботтандырылған екінші ферма салынып жатыр. Биылғы жылдың соңына қарай іске қосылады. Құрал-жабдықтарын жеткізуге келісімшарт жасалып қойған. Бір айдың көлемінде қажетті құралдардың барлығы әкелініп, орнатылады. Алдағы уақытта ферма қуаттылығын 20 тоннаға жеткізу көзделіп отыр.

Осы нысанда облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев Үкімет басшысына өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы жайында хабарлады. Ол өз сөзінде ирригациялық жүйелерді қайта жаңғырту жұмыстарының арқасында айналымға жаңа суармалы жер алаңдары қосылып жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында Көксу, Қаратал, Панфилов аудандарында және Талдықорған қаласында 5 ірі жоба жүзеге асырылуда. Жалпы Алматы облысында 2018 жылдан бүгінге дейін 21 су шаруашылығы нысаны күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі кезде қайта жаңғырту жұмыстары бойынша тағы 23 жоба іске асырылып жатыр.

- Жалпы 2025 жылға дейін біз суармалы жер алқаптарын 140 мың гектарға дейін ұлғайтамыз деп жоспарлап отырмыз,- деді Серік Тұрдалиев.

 Сол сияқты Премьер-министрге өңірдегі әлеуетті балық өндірісі жайлы да баяндалды.

Ауыл шаруашылығындағы жоғары көрсеткіштер, жақсы жетістіктер - салаға көрсетілген үздіксіз қолдаулардың нәтижесі. Субсидия, жеңілдікпен несиелеу, арнайы техникалар сатып әперу – бұл егін және мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға көрсетілетін көмектің бір бөлігі ғана. Премьер-Министр бұл сапарында осы бағытта Жетісу өңірінде жұмыстар тиісті деңгейде атқарылып жатқанына куә болды.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.