
ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жұмыс сапарымен Алматы облысына барды. Сапар бағдарламасы аясында министр өңірдің жетекші кәсіпорындарында болып, перспективалы даму жобаларымен танысты. Сонымен қатар, Әлібек Қуантыров Алматы облысының өнеркәсіп саласын дамыту туралы өз көзқарасын айтты.
Алдымен министр «Маревен Фуд Тянь-Шань» азық-түлік өндіру зауытында болды. Мұнда ол тез дайындалатын макарон өнімдерін, алкогольсіз сусындарды өндіру процесімен танысты. Өнімнің 60 пайызы жақын және алыс шетелдерге экспортталады.
«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша зауытты іске қосу үшін қажетті инфрақұрылым құрылысына көмек көрсетілді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 593 млн.теңге тартылды. Жалпы, кәсіпорынға салынған инвестиция көлемі 35 млрд. теңгені құрады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 85 мың тонна дайын өнімге жетеді.
«Маревен Фуд Тянь-Шань» басқарушы директоры Станислав Дегтяревтің айтуынша, кәсіпорынды тиімді дамыту үшін экспорттық ҚҚС қайтару мәселесін шешу қажет.
"Сондай-ақ, жаңа өндірістік желілерді орнату үшін қосымша газ, су және электр қуаты қажет. Болашақта логистикалық қолжетімділікті жақсарту үшін тағы бір теміржол желісін тарту қажет болады", - деді ол.
Сонымен қатар, министр балық өнеркәсібі кешенінің құрылыс барысымен танысты. Жалпы қуаты-жылына 10 мың тонна теңіз балығы. Баррамунди (австралиялық сибас) теңіз балықтарын өсіру жоспарлануда. Бүгінгі таңда барлық жер жұмыстары аяқталып, балық бассейндерінің іргетасы қаланды.
Құны 67 млрд. теңге болатын кешенді іске қосу балық импортын алмастыруға ықпал етеді және бір мезгілде экспорт көлемін ұлғайту жоспарлануда. Сондай-ақ, кәсіпорын 500 адамға арналған жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
"Инфрақұрылымды жүргізу қажет. Біз төрт желіні: сумен жабдықтау, газбен жабдықтау, электр және кәріз желілерін алуға бюджеттік өтінім бердік. Біз бюджеттің мақұлдауын күтеміз. Барлығы 900 млн. теңге", - деді зауыт өкілдері.
Министр көтерілген мәселелер Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп мұқият зерделенетінін айтты.
"Жалпы, мұндай кәсіпорындар өңірге, әсіресе азық-түлік қауіпсіздігі бөлігінде қажет", - деп атап өтті ведомство басшысы.