
Ақсу қант зауыты осы жылғы қызылшаның алғашқы өнімін қабылдай бастады. Бірінші күні Ақсу және Сарқан аудандарының шаруа қожалықтары кәсіпорынның дайындау пунктіне 860 тонна тәтті тамыр жеткізді.
Зауытқа өз өнімін алғашқылардың бірі болып Ақсу ауданының «Ақмол» сервистік-дайындау орталығының басшысы Берік Тынышбаев әкелді.
«Жыл сайын біз «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қант қызылшасының элиталық сорттарын, ауыл шаруашылығы техникасын алып келеміз. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан субсидия, гербицидтер, минералды тыңайтқыштар бөліп, бізді арзандатылған отынмен қамтамасыз ете отырып, қолдау көрсетеді. Мұның бәрі егіс алқаптары мен өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, біз қызылша егуді 15 гектардан бастадық. Бүгінде егістік алқабы 120 гектарға жетті», - деді кәсіпкер.
Ақсу қант зауыты қант қызылшасын қабылдауға 100% дайын. Бүгінде кәсіпорында 240-қа жуық адам жұмыс істейді. Өндіріс басталған кезде жұмысшылар саны 550 адамға дейін артады. Сонымен қатар, осы кезеңге технологиялық процестерді жетілдіру бойынша қажетті жұмыстарды жүргізу үшін Украинадан технологтар мен мамандар шақырылды.
Айта кеткен жөн, шикізатты кәсіпорынға Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарында құрылған қызылша бағытындағы 17 сервистік-дайындау орталығы мен 200-ден астам қызылша өсіретін шағын шаруашылықтары жеткізеді.
Ақсу қант зауыты Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен 2017 жылы қайта жаңғыртылып, іске қосылды. Кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 280 дана және 28 жабдық жиынтығы мен ауыл шаруашылығы техникасы лизингке берілді.