
Қазақстанда ХҚКО-лардың жұмыс кестесі қайта қысқарады
Коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтар санының күрт артуына байланысты Қазақстанның кей өңірлерінде карантиндік шаралар қайта күшейтілуде. Азық-түлік және басқа да базарлар, жәрмеңкелер, қоғамдық тамақтану объектілерімен қатар ХҚКО-лардың да жұмыс уақыты қысқарды.
Сонымен, бас санитарлық дәрігерлердің шешімі бойынша еліміздің 13 аймағында - Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларындағы ХҚКО-лардың жұмыс кестесі қысқартылды. Ал Шығыс Қазақстан облысында ХҚКО-ның жұмыс уақытына өзгеріс тек Семей қаласы бойынша енгізілді.
Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офис қызметкерлері банк операторлары, дәрігерлер мен полицейлер секілді азаматтармен тікелей байланыста жұмыс жасап жатыр. Бөлімдерде санитарлық-эпидемиологиялық, әлеуметтік қашықтық және бетперде режимдері қатаң сақталған. Алайда, қызмет алушылар өздерін жайсыз сезініп немесе сырқат белгілерін байқаса ХҚКО-ға барудан бас тартуға кеңес береміз.
Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында автокөлік иелерін мамандандырылған ХҚКО-ға бармай-ақ, мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға шақырамыз. Бүгінде автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін ауыстыру онлайн режимде қолжетімді.
Естеріңізге сала кетейік, ХҚКО мамыр айында жұмысын қайта бастаған болатын. Пандемия жағдайында Азаматтарға арналған үкімет жұмыстың жаңа форматына көшуге мәжбүр болды.
Атап айтқанда, қазір ХҚКО-лар электронды порталда қолжетімсіз «қағаз» түріндегі қызметтерді ғана көрсетеді. Қызмет алушыларды ХҚКға келуін алдын-ала egov.kz порталындағы арнайы сервис және и eGovKzBot2.0 телеграм-боты арқылы брондауы қажет.