ҚАРАСАЙЛЫҚТАРҒА ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

ҚАРАСАЙЛЫҚТАРҒА ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Қарасай ауданының әкімдігінде халықтың әлеуметтік осал топ санатына жататын 10 отбасы баспана бақытына кенелді. Қоныс тойын асыға күткен қарасайлықтарға жаңа пәтердің кілтін аудан әкімі Жасұлан Естенов өзі табыс етіп, қуаныш иелерін құттықтады.

Айта кету керек, бұл берілген баспаналар сатып алу құқығынсыз жалға берілуде. Яғни Үкіметтің «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулысына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттен Қаскелеңдегі «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінен жалдамалы 30 пәтер сатып алынды. Осылайша тұрғын үй кезегінде тұрған жоғарыда аталған баспанаға мұқтаж отбасыларға жаңа баспананың кілті табыс етілді.

Пәтер кілтін беру тәртібі келесі санаттар бойынша бекітілді: І және ІІ топтардағы мүгедектігі бар адамдар, І топ мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған, сондай-ақ толық емес отбасылар.

Баспана иелерін құттықтау кезінде аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы бұл 10 пәтер тек бастамасы екенін айтты. Комиссиясының шешімімен тағы бірнеше отбасыны қуанту жоспарда барын жеткізді.