
Қарасайлық дарынды балалар тағы да өз біліктіліктерін көрсетіп, республикалық байқаудан жақсы нәтижелермен оралды.
Қаңтар айының 21-і мен 25-сі күндері аралығында Астана қаласында ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиаданың үшінші кезеңі өткен еді. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша болған байқауға біздің ауданымыздан алты оқушы қатысып, жүлделі оралды.
Нақтырақ айтқанда, Еңбекші орта мектебінің оқушысы Анеля Байдаева ағылшын тілінен жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Ал Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп гимназияның 10-шы сынып оқушылары Алина Мухаметжанова мен Амина Шаймухаметова, 11 сынып оқушысы Темирлан Джумагулов ағылшын және орыс тілі пәндерінен, «АйСаф» жеке қыздар мектебінің білімгері Амина Ерболат қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен, Толстой атындағы орта мектептің 11-ші сынып оқушысы Жамал Серік орыс тілінен үшінші орынды иеленді.
Ауданымыздың білімді жасөспірімдерін жеңістерімен құттықтаймыз.