
Ауданымызға қарасты Әйтей ауылдық округіндегі Үштерек ауылында 600 орындық №2 орта мектептің ашылуы өтті. Аталмыш білім ордасының қолданысқа берілуі нәтижесінде ауданымыздағы үш ауысымды мектептердің саны он екіден алтыға дейін қысқарды. Бұған қоса осыған дейін ауылда жалғыз істеп тұрған №1 мектепті айтарлықтай жеңілдетуге септігін тигізуімен қатар елді мекендегі балаларды басқа округтерге тасымалдау мәселесі жойылды.
Аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров пен аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаеваның қатысуымен ашылуы болған жаңа білім ордасы заманауи стандарттарға сай салынған.
Мектеп ғимараты үш блоктан тұрады. Оның екеуі жоғары және бастауыш сынып оқушыларына арналған. Мұнда 120 орындық асхана, 180 орындық акт залы, үлкен спорт залы, сондай-ақ қажеттінің бәрімен жабдықталған оқу сыныптары орналасқан. Оған қоса домбыра және хореография кабинеттері, қыш бұйымдарын жасайтын кабинеттер, технология сабағын өткізуге арналған шеберханалар, аулада балалар мен спорт алаңдары да бар.
Қауіпсіздік мақсатында кіре берісте турникет орнатылып, бейнебақылау жүйесі ойластырылған.