
Білім ошағында жөндеу жұмыстары өткен жылдың маусым айында басталды. 7 айдан кейін Сәтбаев мектебі қайта жаңғыртылып, оқу жылының ІІІ тоқсанында пайдалануға беріліп жатыр.
Айта кету керек, 40 жылдық тарихы бар ғимаратта күні бүгінге дейін ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. 2,62 га аумақта орналасқан мекеменің жалпы ауданы 6809 шаршы метрді құрайды.
Білім мекемесінің күрделі жөндеуіне «СП NEFT» ЖШС деп аталатын компания жауапты болды. Мердігер мекеменің басшысы Нұрлан Қадірбековтің сөзіне сүйенсек, жұмыс 100%-ға аяқталған. Келісімшарт бойынша компанияның 2 жылдық кепілдігі бар. Осы уақыт аралықта кемшіліктер болып жатса, жөндеп береді.
Күрделі жөндеуден кейін мектептің сырты да, іші де толық өзгерген. Алдына қырлы тастар төселіп, айналасы абаттандырылған. Жаңа футбол және ойын алаңдары салынған. Жылу жүйесі реттелген. Бұрынғы ағаш терезелерінің орнына пластикалық түрі орнатылып, ескі шатыры жаңартылды.