
Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Мерей ауылында көп адам біле бермейтін облыста жоқ шағын мұз айдыны бар. Мұнда балалар мен ересектер үшін коньки теуіп, спортпен шұғылдануларына барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ бұл алаң «Барыс» спорт клубының хоккейшілері жаттығатын орынға да айналған. Дәл осы мұз айдынының салтанатты түрде ашылуы өтті.
Спорттық шараға аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров арнайы қатысып, хоккейшілерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол «Барыс» спорттық ойын-сауық хоккей алаңының негізін қалаушы, ардагер спортшы Владимир Калашниковтың еңбегін ерекше айтып, бұқаралық спортты дамыту қосқан үлесі үшін алғысын жеткізді.
Мұз айдынының ашылуында осында жаттығатын хоккейшілер өзара бақ сынасты. Олар бірнеше командаға бөлініп, қыстық спорт түрінен шеберліктерін көрсетті. Балалардың шыңдалуына қолдау көрсетіп жүрген Владимир Калашников қысқы маусымның ашылуы әр жыл сайын дәстүрге айналғанын айтуда. Ол қарасайлық хоккейшілер бүгінгі таңда республикаға танымал спортшыларға айналғанын мақтанышпен жеткізді.