Алматы қаласы мен Қарасай ауданы арасында №244 бағыт бойынша жүретін қоғамдық көлік іске қосылды

Алматы қаласы мен Қарасай ауданы арасында №244 бағыт бойынша жүретін қоғамдық көлік іске қосылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы қаласы мен Қарасай ауданы арасында жүретін №244 бағытта жүретін қоғамдық көлік іске қосылды. Автобустар 16 желтоқсаннан бастап халыққа қызмет көрсетеді.

Алматы қалалық мобилділік басқармасының ақпаратына сүйенсек, автобус өз бағытын Алматы қаласы Абай даңғылының бойындағы «Бауыржан Момышұлы» метро бекетінен бастайды. Одан кейін Алатау даңғылы арқылы «Алматы – Бішкек» тас жолына түсіп, Қаскелеңнің Наурызбай, Жанғозин, Абылайхан көшелері арқылы Шамалған, Бекболат ауылдарына қарай бет алады. Ал қайтарда аталған елді мекен арқылы Қаскелеңге кіріп, Байтұрсынов, Қарасай батыр, Мақашев көшелері арқылы қайтадан «Алматы – Бішкек» тас жолымен Алматыға қарай жүреді.

Қазіргі уақытта желіде 13 автобус жүреді. Жүру аралықтары – 13 минут. Жол ақысы 100 теңге және ол «Оңай» төлем жүйесі арқылы төленеді. Белгілі санаттарға жеңілдік қарастырылған.

Айта кетейік, №244 бағыттағы автобустың ашылғаны «Алматы – Бішкек» тас жолының маңына жақын орналасқан бірнеше ауылдық округтің жолаушылары үшін қолайлы болмақ.