
«Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Мемлекет басшысының 2022 жылғы
22 ақпандағы № 814 Жарлығымен Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларына, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы әдеп жөніндегі кеңестері туралы ережесіне бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Оларға сәйкес қызметтік тергеп-тексеруді тағайындау, оны жүргізу тәртібі, тәртіптік комиссиямен материалдарды қарау және тәртіптік жаза қолдану тәртібі және т.б. нақтыланды. Бірқатар саяси және «А» корпусындағы лауазымды тұлғалардың жауаптылығы Агенттіктің Әдеп жөніндегі комиссиясына қаралатын болады. Тәртіптік комиссия отырыстарын онлайн өткізу, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде қызметтік тергеп-тексеру жүргізу мерзімдерін тоқтата тұру мүмкіндігі көзделген.
Осы Жарлықпен Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі жаңа редакцияда бекітілді.
Әдеп кодексінде қызметтік әдеп нормаларын дұрыс түсіну және қолдану мақсатында, қызметшінің мінез-құлқына қойылатын әдептік және қызметтік әдепке жатпайтын өзге де ережелерден ажыратылды, мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары айқындалды (адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық және клиентке бағдарлану).
Кодекс мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттеріне негізделген, ең алдымен, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және парасаттылық атмосферасын құруға бағдарланған қызметтік әдеп стандарттары көзделген.
Сонымен қатар, кодекске сәйкес мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауаптылығы тек қызметтік әдеп стандарттарының бұзылуы нәтижесінде ғана қарастырылатын болады.