
2026 жылғы 29 қарашада мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді.
Мәслихат депутаттары жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрғындардың мүдделерін білдіруге қатысады.
Сайлау – азаматтардың конституциялық құқығын жүзеге асыруының маңызды тетігі.
Іле ауданының әкімдігі тұрғындарды алдағы сайлау туралы хабардар етеді.
29 қараша – сайлау күні!
Сіздерді 2026 жылғы 24 қыркүйекте сағат 15:00-де өткізілетін
Бірыңғай есеп беру күніне қатысуға шақырамыз.
Іс-шараны өкізудің мақсаты: қауіпсіз қызметті жүзеге асыру үшін кәсіпкерлік субъектілері мен ұйымдардың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттің бақылау-қадағалау қызметін реформалауды іске асыру шеңберінде мемлекеттік бақылау мен қадағалау мәселелері бойынша заңнаманың міндетті талаптары бұзушылықтарының жүйелі профилактикасын дамыту бойынша Бірыңғай есеп беру күні өткізіледі.
Өткізу нысаны: Бірыңғай есеп беру күні кәсіпкерлік субъектілерімен мемлекеттік бақылау мен қадағалауды және Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзылушылықтары профилактикасын жүзеге асыру нәтижелерін талқылау бойынша кездесу нысанында өткізіледі.
Өткізу орны: Қонаев қаласы, Жамбыл к-сі. 13, Қонаев қаласының Мәдениет үйі.
Іле ауданында жол инфрақұрылымын жаңарту қарқыны артып келеді. Өткен жылы ауданда 80 көше жөнделсе, биыл 107 көшені жөндеу жоспарланған.
Бүгінде оның 90-ында жұмыстар аяқталды.
Бүгін Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов Қараой ауылына барып, жол жөндеу жұмыстарының барысы мен сапасын тексерді. Аудан басшысы жаңадан асфальт төселген көшелерді аралап, атқарылған жұмыстармен танысты.
Қараой ауылында Мереке, Алмалы, Қазақстан, Бейбітшілік, Ынтымақ, Рахат және Абай көшелеріне асфальт төселіп, жалпы 4,7 шақырымға жуық жол жаңарды.
Атап айтқанда, Мереке көшесінде – 484 метр, Алмалыда – 773 метр, Қазақстанда – 260 метр, Бейбітшілікте – 460 метр, Ынтымақта – 870 метр, Рахатта – 275 метр, Абай көшесінде – 1 560 метр жол жөнделді. Жеті көшенің жалпы ұзындығы 4 682 метрді құрайды.
Аудан әкімі жол сапасы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететінін атап өтіп, мердігерлерге қойылатын басты талап – сапа екенін айтты.
«Өткен жылы ауданда 80 көше жөнделді. Биыл бұл көрсеткішті 107 көшеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде 90 көшеде жұмыс аяқталды. Әрбір жөнделген жолдың артында тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына жасалған қолайлы жағдай тұр. Сондықтан біз үшін санмен қатар сапа да маңызды. Жоспарланған жұмыстардың барлығы белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуы тиіс», – деді Қайыржан Жақсымбетов.
Қараой ауылындағы жол жөндеу жұмыстарын «Оңтүстік Ғимарат» құрылыс компаниясы» ЖШС жүргізді.
Ауданда қалған көшелерді жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін жоспарланған 107 көшедегі жұмыстарды толық аяқтау көзделген.
Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Қабылдау барысында көтерілген мәселелердің басым бөлігі баспанамен қамтуға қатысты болды.
Сонымен қатар, Ақсай ауылдық округіндегі жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзарту мәселесі қаралды. К. Әзірбаев ауылының тұрғындары жол қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді көтеріп, жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған аумақтарға ауыр жүк көліктерінің кіруін шектеу жөнінде ұсыныстарын көтерілді.
Әрбір өтініш жеке қаралып, тұрғындарға қолданыстағы заңнама аясында нақты жауаптар мен түсіндірмелер берілді.
Қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар жүктеліп, аудан басшысы орынға шығатынын айтты.
Еске сала кетейік, Іле ауданының әкімі тұрғындарды әр айдың бірінші және үшінші дүйсенбісінде сағат 15:00-ден 17:30-ға дейін жеке мәселелері бойынша қабылдайды.
Қабылдауға жазылу: 8 (72752) 2-00-17.
Бүгін, 1 қыркүйек – Білім күні Іле ауданының Н.Тілендиев ауылында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 900 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Білім ордасының ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
Жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асатын мектеп 44 сыныпқа есептелген. Білім ордасында оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына қажетті заманауи жағдай жасалып, тиісті материалдық-техникалық база қалыптастырылған. Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, бас мердігер – «QAZAQ STROY» ЖШС.
Жаңа оқу жылында мектепке 1 230 оқушы қабылданды. Оның ішінде 100-ге жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Жалпы Іле ауданы бойынша биыл бірінші сыныпқа 6 118 бала қабылданды.
Салтанатты шара барысында мектептің лентасы қиылып, жаңа білім ордасының кілті табысталды және алғашқы қоңырау соғылды. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мектеп ғимаратын аралап, оқу кабинеттері мен оқушылар үшін жасалған жағдаймен танысты.
Жаңа мектептің пайдалануға берілуі Н.Тілендиев ауылындағы оқушы орындарының тапшылығын азайтып, балалардың заманауи әрі қолайлы ортада білім алуына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл 1 қыркүйекте Алматы облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 5 жаңа мектеп ашылып, 4 200 жаңа оқушы орны пайдалануға берілді. Олар Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандары мен Алатау қаласында орналасқан. Сонымен қатар өңірдегі 10 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Жаңа мектептер салу және қолданыстағы білім нысандарын жаңғырту жұмыстары өңірдегі оқушы орындарының тапшылығын кезең-кезеңімен азайтып, білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
ІЛЕ АУДАНЫНДА «ТАЗА БЕЙСЕНБІ»: 5 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА ҚАТЫСТЫ
Бүгін Іле ауданы әкімінің бастамасымен кезекті жалпыаудандық «Таза бейсенбі» тазалық шарасы өтті.
Бұл жолғы сенбіліктің басты ерекшелігі – жаңа оқу жылы қарсаңында аудан аумағындағы мектептер мен білім беру нысандарының маңайына басымдық берілуі. Мектеп аулалары мен оларға іргелес аумақтар кең көлемде тазартылып, абаттандырылды.
Жалпыаудандық шараға аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов, аудан тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен еріктілер – барлығы 5 мыңға жуық адам қатысты.
Аудан әкімі тазалық мәдениеті қоғамдық тәртіп пен ортақ жауапкершіліктен басталатынын атап өтті.
«Тазалық – тек сенбілік кезінде атқарылатын жұмыс емес, ол күнделікті тәртіп пен жауапкершіліктің көрінісі. «Заң мен тәртіп» қағидаты әр азаматтың қоғамдық ортаға ұқыпты қарауынан, белгіленбеген жерге қоқыс тастамауынан және ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарауынан басталады. Әсіресе балаларымыз білім алатын мектептердің айналасы таза әрі қауіпсіз болуы тиіс. Ауданымызды таза ұстау – баршамызға ортақ міндет», – деді Қайыржан Жақсымбетов.
Айта кетейік, жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында Іле ауданында 26 сенбілік ұйымдастырылып, оған 64 мыңнан астам тұрғын қатысты. 1 710 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 25 773 ағаш отырғызылды.
Сонымен қатар, аудан аумағында анықталған 23 рұқсат етілмеген қоқыс орны толық жойылды.
Іле ауданында тазалық пен абаттандыру жұмыстары «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүйелі түрде жалғасады.
Іле ауданында елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау және абаттандыру жұмыстарын күшейту мақсатында 2 шілде күні сағат 15:00-де аудан көлемінде кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы ұйымдастырылады.
Акция барысында Байсерке ауылындағы зиратқа баратын жолдың оң жақ бөлігі мен Кіші Алматы өзенінің жағалауы қоқыстан тазартылып, абаттандыру және көркейту жұмыстары жүргізіледі.
Барша аудан және ауылдық округ тұрғындарын қоршаған ортаның тазалығына өз үлестерін қосып, игі бастамаға белсенді қатысуға шақырамыз!
📅 2 шілде 2026 жыл
🕒 Сағат 15:00
Тазалық – ортақ іс, ортақ жауапкершілік!🌿