Алғашқы қоңырау

Алғашқы қоңырау

Өтеген батыр ауылындағы №7 орта мектепте білім күніне арналған салтанатты жиын  өтті. Жиынға Алматы облысы полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Б.Т. Әленов, аудан әкімі Б.Ә. Қарасаев қатысты.

Мерекелік шараны аудан әкімі Бағдат Әбілмәжінұлы ашып, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерді оқушы атануларымен құттықтап, ауданымыздағы білім саласына қатысты жаңалықтармен бөлісті. Аудан әкімі өз сөзінде «Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Білім саласындағы ахуал ерекше назар аударуды талап етеді. Біз білім мен ғылымсыз еліміздің дамуын қамтамасыз ете алмаймыз» деген еді. Сондықтан, бүгінгі оқушы білім бәсекесіне төтеп бере алатын, санасы ашық, халқымыздың рухани-адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірген тұлға болуы керек. Қазір ауданымызда 58 білім ошағы оқушыларды білім нәрімен сусындатуда. Биыл бірінші сыныпқа аудан бойынша 7405 оқушы мектеп табалдырығын аттап отыр», — дей келе, еңбектің ең үлкені білім беру екендігін баса айтты. 2021-2022 оқу жылында мектеп бітірген 2052 түлектің ішінде 1807 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 936 түлек грант иегері атанған.

Шара барысында сөз алған облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Бауыржан Төлегенұлы мектеп ұжымына жаңа жетістіктер мен шығармашылық табыс, мықты денсаулық және сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар ұштастыра берулеріне тілек білдірді. Б. Әленов жас ұрпақты Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдиновтер секілді қайсар, елжанды, батыл болып өсіп, Қазақстанның игілігі үшін қызмет ететін тұлғалар болуға шақырды.