
«28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні» қарсаңында «Іле таңы» аудандық қоғамдық-саяси апталық газетінің ұжымы аудан әкімі Бағдат Әбілмәжінұлы Қарасаевтың қабылдауында болды. Іс-шараға аудан әкімі Б. Қарасаев, «Іле таңы» ЖШС директоры Б.Рымжанов, газетіміздің бас редакторы Е. Ахмет, газет ұжымы және ауданымыздың ақпарат саласына, баспасөз ісіне өз үлестерін қосқан ардагер қаламгерлер Р. Айдарбекова, Б. Қырбасова, А. Елешова қатысты.
Шараны аудан әкімі ашып, ауданымыздың қаламгерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Бағдат Әбілмәжінұлы өз сөзінде: «Құрметті «Іле таңы» газетінің ұжымы, ардагер журналистер, сіздерді бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жас ұрпақты патриоттыққа баулып, өңірімізде болып жатқан игі істер мен тың жаңалықтарды халыққа жеткізуде баспасөздің атқаратын рөлі зор. Мереке қарсаңында қаламдарыңыздан қасиет кетпесін, шабыттарыңыздың шыңына ұшқан құс жетпесін дей келе, баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, қызметтеріңізге табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, әрдайым жақсылықтың хабаршысы бола беріңіздер.
Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деген болатын. Ахметше айтқанда, «Іле таңы» – Іле ауданының көзі, құлағы, жаңалықтарын халыққа айтушы тілі десек, еш қателеспейміз. Себебі, сіздер арқылы аудан тұрғындары аймағымызда болып жатқан жаңаша бастамалардан хабардар болып отыр», — дей келе, журналист мақаланы жазғанымен, оны өңдеп, емлелік, стилдік қатесін түзеп, оны газет бетіне орналастыру керектігін, сондықтан, редакция ұжымында қызмет етіп жүрген әрбір қызметкер: ол редактор болсын, корректор болсын, тілші не дизайнер болсын – барлығы да газет жұмысын алға бастыруда өзіндік орны бар тұлғалар екенін баса айтты. Сонымен қатар, аудан әкімі болашақта «Іле таңы» газетінің өз қара шаңырағы болып, жеке ғимаратта орналасып, өзінің жеке көлігі мен жеке баспаханасы болуына тілектестік білдіріп, осы мәселені қолға алатынын жеткізді.