Іле ауданында аудан әкімінің халықпен тұрақты кездесуі Күрті ауылдық округінен бастау алды. Кездесуге ауыл тұрғындары, жауапты сала мамандары мен мәслихат депутаттары қатысты. Шарада аудан әкімі Бағдат Қарасаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен 2022 жылдың міндеттерін баяндады.
Айта кетейік, өткен жылы Ақши ауылында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша «SAMGA-SD» ЖШС Б.Ақұлы көшесінің бойына воркаут алаңын салды. Сонымен бірге, жаңадан балалар ойын алаңы бой көтерді. Аталған жұмыстар биыл да жалғасын табады.
К.Әзірбаев көшесіне ұзындығы 450 метр болатын көше шамдары орнатылды. Сонымен қатар, Д.Қонаев, Б.Ақұлы, Т.Айбергенов және Ғ.Мұратбаев көшелеріне 250 дана электр жарығын үнемдеуші жарық диодты шамдарға ауыстырылды. Сонымен қатар, Ақши ауылының Ж.Бәрібаев, Т.Бокин, Қ.Рысқұлбеков, Т.Рысқұлов және О.Аубакиров көшелерінің жарық шамдары жаңартылды.
Ал, 2022 жылы Ақши ауылын жарықтандыру мақсатында Құрманғазы, О.Жандосов және Қазыбек Бек көшелеріне көше жарық шамдарын орнату жоспарлануда.
2021 жылы жұмыспен қамту жол картасы жобасы аясында жалпы ұзындығы 1440 шаршы метр болатын 6 көшеге (Жетісу, Бірлік, Достық, Наурыз, Желтоқсан және Бәйтерек) 0,4 КВ электр желілері тартылып, қуаттылығы 250 КВ болатын трансформатор орнатылып, алдағы уақытта қолданысқа берілетін болады.
2021 жылы Ақши ауылдық ауруханасының ғимараттарына газ тартылды. Биылғы жылы ауылдық мәдениет үйін көгілдір отынға қосу жоспары бар.
Сондай-ақ Күрті ауылдық округі әкімдігінің ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жобасына сараптамалық қорытынды шықты. Аталған мәселелер бойынша өтінім беріліп, мәслихат отырысында қаралады.