
Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Осынау мерейлі мерекеге тарту есебінде Іле ауданының Өтеген батыр ауылында, Алматы-Қапшағай күре жолының бойында Өтеген батыр ескерткішінің жанынан биіктігі 40 метрлік Тутұғыр орнатылды. Бұл аудан бойынша алғаш рет орнатылған биік нысан.
Күні кеше Тутұғырдың ашылу рәсімі өтіп, мемлекеттік Туымыз салтанатты түрде тұғырға орнатылып, Іле ауданының аспанында желбіреді. Іс-шараны аудан әкімі Қарасаев Бағдат Әбілмәжінұлы ашып, қатысушыларды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Ұлтымыз үшін Тәуелсіздік қандай қымбат болса, Мемлекеттік рәміздер де біз үшін сондай қастерлі. Елдігімізді таныту, абыройды асқақтату – қастерлі құндылықтарды қорғай білумен өлшенбек. Осыдан дәл үш жыл бұрын, ауданның 90 жылдық мерейтойында Өтеген батыр ескерткішін салтанатты түрде ашқан болатынбыз. Бүгін міне, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойында ауданымызға әр беретін айшықты нысандар қатары айбынды алаңмен толықты. Көк байрағымыз көкпен ұштасты. Өз дәуірінде даңқты бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, бағаналы орда құрған. Ту - мемлекеттің бейнесі. Сондықтан да көп ұлтты халықты ғана емес, өткенді, бүгінді және болашақты бір арнаға тоғыстырған Тәуелсіз мемлекеттің басты рәмізі аудан орталығында бой көтерді. Сондықтан ту біз үшін – қанымызда қайнаған намыс, руhты көтеретін құдірет. Атамекеніміздің төріне алып ту тігу – біз үшін асқан абырой, зор мәртебе» - дей келе, орнатылған Ту тұғырының биіктігі 40 метр, ал тұғырға ілінген Тудың өлшемі 5х10 метр екенін атап өтті.
Сондай-ақ болашақта батыр баба ескерткішінің және тұғырдың жан-жағы абаттандырылып, тұрғындардың жиі келіп, демалатын аймақтарының бірі болатынын айтты.