
Іле ауданына Алматы облысының Мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев бастаған бір топ халық қалаулылары ат басын бұрды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаттары Жанарбек Әшімжан, Жанна Телпекбаева, Мақпал Мыса, Вакиль Набиев бар.
Депутаттар «Nur Otan» партиясы аудандық филилалының ғимаратында аудан әкімі Бағдат Қарасаевтың қатысуымен қоғамдық қабылдау өткізді. Онда Боралдай ауылындағы ескірген көпқабатты үйлердің кәріз құбырлары туралы сұрақтар мен өтініштер қаралды. Екінші мәселе Өтеген батыр ауылы мен Байсерке ауылын жалғайтын тас жолына көпір салу мәселесі де талқыланды. Мәжіліс депутаттары жоғарғы жаққа депутаттық сауал жолдайтынын, осы істің күн тәртібінен түспейтінін жеткізді.
Ресми қабылдаудан соң халық қалаулылары ауданымызда жаңадан ашылған «Tamos» оқу-білім беру орталығында болып, мектепің жаңа методикасымен етене танысты. «Tamos» мектебінде ағылшын, корей тілдерін тереңдетіп оқытады. Сондай-ақ, математикалық, гуманитарлық ғылымдар, робототехника, мәдениет және спорт саласы бойынша да жас шәкірттер білім алуда. Қазіргі таңда орталықта 27 ұстаз қызмет етеді. Жаңа оқыту орталығы Өтеген батыр ауылының дәл ортасында орналасқандықтан, ауыл тұрғындары үшін өте тиімді болып отыр.
Қонақтар одан кейін Байсерке ауылдық округі, Ынтымақ ауылында орналасқан медициналық бұйымдар өндіретін «Dolce» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне келді. Отандық «Dolce» компаниясы – медициналық көмектің жоғары технологиялық түрлерін көрсету кезінде пайдаланылатын бір реттік стерильді медициналық жиынтықтарды әзірлеу, жетілдіру, өндіру және өткізу бойынша Қазақстанда көшбасшы мекемелердің бірі. Қазір компанияда маркетингтік қызметтің арқасында өндірістік желілерді модернизациялау бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Мұнда 380 адам тұрақты жұмыс істейді.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Междуреченск ауылдық округіндегі әлемде теңдесі жоқ «Sokol» автодром кешеніне келді. Мұнда қонақ үй, тамақтану орындары, мини гольф, пейнтбол, сонымен қатар автотехника мұражайы орналасқан. Кешен аумағында белсенді демалыс үшін кемпинг аймағы да бар. Аталған кешен 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтиды.