Қоғамдық қабылдау өткізді

Қоғамдық қабылдау өткізді

Бүгін «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталов қоғамдық қабылдау өткізді. Өңір басшысына бейнебайланыс арқылы әр ауданнан 5 тұрғын өз сауалын қойды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қоғамдық қабылдауда алғаш болып сауал жолдаған «Жетісу» газетінің тілшісі Мәулен Әнербай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған ауылдық округ әкімдерінің сайлауы облыс көлемінде қалай өтетінін және оның халыққа берері қандай екенін сұрады. Әкімнің айтуынша облыс тұрғындарының 80 пайызы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан да сайлауды жоғары деңгейде өткізу маңызды.

- Биыл 71 ауылдық округ бұл шараға қатысып, ауыл жұрты әкімдерін сайламақ. 71-дің 36 округінде халық қазіргі әкімдері қалсын деп ұсынып жатыр. Ал, 35-і жаңадан сайланады, яғни 50 пайыз өзгеріс болады. Ауылдарды басқаруға жаңаша ойлайтын жастар келсе, қуанамыз, -  деді облыс әкімі, "Нұр Отан" партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Амандық Баталов.

Жамбыл ауданынан бейнебайланысқа қосылған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қанатбек Бердіқұлов тұңғыш Олимпиада жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіровке арнап Талдықорған төрінен мурал, я болмаса бюст орнату туралы ұсынысын жеткізді. Облыс басшысы өз сөзінде спортқа ғана емес, ел мен жердің дамуына өлшеусіз еңбек еткен тұлғаның орны бөлек екенін, қандай құрметке де лайық екенін атап өтіп, жалпы Жетісу жеріне еңбегі сіңген Жақсылық Үшкемпіров, Бейсен Құранбек, Сәкен Жылқайдаров, Еділ Ерғожин т.б елеулі тұлғалардың есімін есте қалдыруға қатысты жоспарлар бар екенін, тиісті шешімдер қабылданған кезде көпшілікке қуана жеткізетіндерін айтты.

Жиында бұдан өзге Қапшағай қаласындағы кәсіпорындар жұмысының жандануы мен туризмді дамыту, жастарды жұмыспен қамту мәселелері де көтерілді. Сондай-ақ, Ақсу ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, орталық саябақтың құрылысы, Сарқан политехникалық колледжі студенттерінің жатақханасын күрделі жөндеуден өткізу туралы сауалдар қойылды. Ақсу ауданындағы құрылыстарға қатысты облыс басшысы орынбасары мен құрылыс басқармасының басшысына арнайы тапсырмалар берілгенін айтып, Сарқан қаласындағы студенттер жатақханасының күрделі жөндеуіне қажетті қаржыны биылғы екінші жартыжылдықта қарастыруды тиісті басқармаға тапсырды. «Елбасының 5 әлеуметтік бастамасында студенттерді жатақханамен қамту туралы тапсырма берілген. Біз өткен жылдың өзінде бірнеше жатақхананы пайдалануға бердік. Сарқандағы жатақхананы да жаңартып береміз», - деді А. Баталов. Партия төрағасы қойылған сұрақтарға тұшымды жауап беріп, әр мәселе өз бақылауында болатынын жеткізді.

                                                                                                               Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі