Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай аудан әкімінің құттықтауы

Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай аудан әкімінің құттықтауы

Құрметті ханымдар!

Ардақты аналар, әпке-қарындастар!

Баршаларыңызды келе жатқан 8 наурыз – Халықаралық әйелдер  күні мерекесімен шын жүректен  құттықтаймын!

Көктем – қыстан кейін тіршілік атаулыға жылулық сыйлайтын жаймашуақ мезгіл. Табиғатқа жан бітіп, жаратылыс жаңаратын шақ.

Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі – мейірім мен жылулықты, махаббат пен ізгілікті бойына дарытқан ақ жаулықты әжелердің, ардақты аналардың, аяулы қыздардың күні.

Сондықтан да, Сіздердің төл мерекелеріңіздің осы мезгілде белгіленуі тегін емес. Өйткені әйел – тіршіліктің тұтқасы.

Ана – барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тіршіліктің қайнар бұлағы, әр отбасының алтын діңгегі.

Мына тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі тек аналармен ажарлы. Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегімен әрленеді.

Дана халқымызда «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», «Қыз өссе  - елдің көркі» деген қанатты сөздер бар. Бұл сөздер – халқымыздың ежелден әйел затын ардақтай білгенінің айғағы.

Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Тәуелсіз Қазақстанымыздағы бейбіт тірлік пен бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйтқысы да өздеріңіз. Өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын себетін де сіздер.

Ел басына күн туғанда асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласты.

Еселі еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімдері тарих жылнамасына мәңгілікке жазылып, жадымызда жатталды.

Оған дәлел – алты алашқа ұран болған, қазақ тарихында есімдері алтын әріптермен өрнектелген Ұмай ана, Айша бибі, Домалақ ана, Қыз Жібек пен Баян сұлу, Тұмар мен Зарина ханшайымдар, кешегі Әлия мен Мәншүктер.

Тұтас ұлтты тәрбиелеп, халықты қалыптастырып, мемлекетімізді баянды етуге мол үлес қосқан аналарымыздың игілікті ісін бүгінде зиялы қыз-келіншектер жалғастыруда.

Қай кезеңде де заман жүгін ерлермен бірдей көтеріскен әйелдер қауымы бүгінгі күні де ел өміріне етене араласып, білікті басшы, білімді маман ретінде еліміздің көркеюінде өз қолтаңбаларын қалдыруда.

Құрметті арулар!

Өздеріңіздей жүрегі ақ, нәзік сезімді бойына жиған, ел патриоты болып табылатын азаматшаларға ауданның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуына, әрқайсыңыздың қызмет етіп отырған саланы жетілдіруге қосып жүрген ерен еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын.

Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құятын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінің қашан да орны бөлек. Себебі аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес.

Баршаңызды тағы да осы атаулы мерекмен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық, береке - бірлік тілеймін! Көк туымыз желбіреп, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Мереке құтты болсын!