
Әлемдік пандемияға қарамастан Іле ауданында экономиканы дамытуға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға байланысты бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның ішінде халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Баршамызға белгілі Ел Президенті Қ.Тоқаев үстіміздегі жылы баспана кезегінде тұрғандар үшін «5-10-20» бағдарламасын ұсынып, оны жүзеге асыруды тапсырған болатын.
Осы орайда, ауданда Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай, аталмыш бағдарлама аясында 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты жиында аудан әкімі Бағдат Қарасаев пәтер иелеріне кілтін табыстап, жаңа қоныстарымен құттықтады. Сондай-ақ жаңа пәтер иесі атанған көпбалалы Әубәкіровтар отбасынаның үйіне кіріп, сый-сияпат жасады.
Үйдің құрылысын жүргізген «Агроспецстрой» ЖШС. Үй барлық талаптарға сай сапалы салынған. Аудан әкімі салтанатты жиында серіктестіктің басшысы Уәлихан Әзімханұлы Жұбамаевқа үлкен алғыс айтып, жұмысына табыс тіледі.
Бүгінде тұрғын үй кезегін азайту мақсатында, Өтеген ауылында тағы да 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан басқа 72 пәтерлі үш үй мен 100 үйден тұратын коттедж қалашығын салу жоспары бар.
Айта кетейік, «50-10-20» бағдарламасы адамдарға өте ыңғайлы. Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкінен жеке шот ашып, пәтердің жалпы құнының 10 пайызын жинасаңыз, 20 жылға дейін 5 пайыздық жеңілдікпен несие алып, баспана сатып алуға болады.