
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік өңірі бойынша департаментінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Мекеменің ашылу салтанатына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, сондай-ақ Агенттік жанындағы Республикалық арнайы мониторинг тобының төрайымы А.С. Соловьева мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы аймақтық жобалық топтардың жетекшілері қатысты. Күрделі жөндеуден өткен ғимараттың есік-терезелері, жылу жүйесі, техникалық базасы толық жаңартылды. Сондай-ақ, азаматтарды қабылдау заманауи «Open space» форматында жүзеге асады. Аталған шаралар агенттіктің ашықтығын, жариялығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Шара барысында Алик Шпекбаев агенттік пен оңтүстік кореялық серіктестерінің атынан Аймақтық балалар ауруханасы мен аудандық орталық ауруханаға 2 дана оттегі концентратын табыстады.
Артынша, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін ашылған «Сервистік әкімдік» жобасымен танысты. Аталған жоба мемлекеттік қызметтің сапасын көтеріп, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатын көздейді. Сервистік әкімдікте мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі тез алу үшін арнайы 9 бөлім мамандары қабылдайды.
Кездесу соңында Агенттік төрағасына «Жетісу – адалдық алаңы» жобасы аясында салынған қазақ қоғамының қайраткерлері Абай Құнанбаев пен Шоқан Уәлиханов бейнеленген муралдар көрсетілді.