
Бүгін, Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауын және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында, сондай-ақ, мемлекеттік қызметтің имиджін және мемлекеттік қызметшінің мәртебесін арттыру, карантин кезеңінде мемлекеттік органдардың жұмыс атқаруы және Агенттік қызметінің негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы – Ляззат Мұқатайқызы Бейсеқұловамен Іле ауданының активі және қызмет көрсетушілерімен кездесу өткізілді.
Кездесу барысында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру, мемлекеттік қызметшілермен Әдеп кодексі талаптарының сақталуы, жеке және заңды тұлғалар өтініштерінің сапалы қаралуы, мемлекеттік аппараттың алдына қойылған міндеттерді табысты іске асыруға қажетті стресске орнықтылық, парасаттылық сияқты мемлекеттік қызметшілердің құзыреттерін дамыту, әкімдерді сайлау арқылы тағайындау, факторлы-баллдық шкала жүйесімен еңбекақы тағайындау, мемлекеттік аппаратты қысқарту, дипломмен ауылға бағдарламасы, мемлекеттік қызметттегі шектеулер мен талаптар, мүдделер қақтығысы сияқты бүгінгі күнге өзекті деген мәселелері ортаға салынып, талқыланды.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтегі стресске орнықтылық тақырыбында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының аға оқытушысы, психология магистірі – Нығметжанова Мәриям Қадырқызы онлайн байланыс арқылы сөз сөйледі.
ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Алматы облысы бойынша басқармасының өкілі – Молдаханов Талғат Мұратұлы шағымдар мен арыздардың қарау мерзімдерінің сақталуы турасында баяндап өтті.
Қатысушылар қойылған міндеттерді сапалы іске асыру әрбір қазақстандық үшін елді дамыту жолындағы ортақ міндет болып табылатынын атап өтті.
Іс-шара барысында Департамент басшысы азаматтарды толғандырып жүрген жеке мәселелері бойынша қабылдап, тиісті жауаптары мен ұсынымдарын берді.
Жиыннан соң, кездесуге қатысушылар ауданда жуық арада ашылған сервистік әкімдігіне ат басын бұрды. Бұл жерде, Департамент басшысы, мемлекеттік қызметтерді көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландыру – өз кезегінде қызмет алушылардың уақытын, күш-жігерін, қаржысын үнемдеуге мүмкіндік ашатынын атап өтті.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: ұйымдастырылған кездесуде барлық қатысушылар өз сұрақтарына тұшымды жауаптарын ала алғанын, іс-шара өзінің діттеген мақсатына жеткенін және пайдалы болғанын тілге тиек еткен жөн.
Кездесу карантиндік шаралардың барлық талаптарын сақтай отырып, онлайн режимде өткізілді.