
Мемлекеттік қызметкерлерге еңбегінің ақысы үшін - сыйлық алуға заңмен тиым салынған.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «Мемлекеттік қызметші — жоғары моральды жауапкершілік, кәсіби білімін тәжірибеде қолдана алу, адалдық, таза ниеттілік, белсенді өмірлік ұстаным сияқты негізгі қасиеттерге ие болуы шарт, яғни мемлекеттік қызметтегі әр адам өз жұмысының маңыздылығын сезіне отырып өз елінің патриоты болуы тиіс» деп ерекше ден қойған.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V заңының 1 бабы, 6) тармағында «Мемлекеттік кызмет» дегенге келесідей анықтама берілген: Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметі – мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiктерді атқару жөнiндегi қызметi делінсе, 12) тармағында мемлекеттiк қызметшi – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы деп нақты айтылған.
Осыған байланысты «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 12 – бабының 1-тармағы, 4-тармақшасына сәйкес «Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару сайланбалы органдарының мүшелігіне кандидаттарды қоспағанда), лауазымды адамдардың, сондай-ақ көрсетілген функцияларды орындауға уәкілеттік берілген кандидаттар болып табылатын адамдардың өз өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануына әкеп соғуы мүмкін әрекеттерді жасауына жол бермеу мақсатында, аталған адамдар осы Заңның 13, 14 және 15-баптарында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, өздеріне: Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қызметтік өкілеттіліктерін орындауына байланысты сыйлықтар қабылдау бойынша жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайтындығы көрсетілген.
Бұл ретте, мемлекеттік қызметшілер қызметін мінсіз атқарып, көптеген шаруаларды бітіріп жатса да, оларға ешкімнен, ешқандай сыйлық алуға болмайды. Тіпті, қарапайым болып саналатын кейбір сыйлықтарды (канцеляриялық тауарлар – қойын дәптерлер мен сувенирлік қалам т.б.) өзінің меншігінде қалдырудың өзі пара ретінде бағаланып, алушы да, беруші де бірдей жауапкершілікке тартылады. Айта кету керек, бұл фактілердің барлығы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 676, 677, 678 - баптарымен жазаланатындығы көрсетілген. Мысалы, мемлекеттік қызметкерлерге түрлі материалдық сыйлықтар ұсынғаны үшін жеке тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 555 600 теңгеге айыппұл салыну көзделсе, мемлекеттік қызметкерлер заңсыз қабылдаған сыйлықтар үшін 1 666 800 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.
Бүгінгі таңда бір айлық есептік көрсеткіш – 2778 теңге.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 50-бабында мемлекеттік қызметші сыйлау себептеріне қарамастан (мерекелік күндер, туған күн, қызмет бойынша көтерілуі, жұмысқа тұруы және т.б.), сондай-ақ сыйлықтың түріне, санына, құны мен өзге де сипаттамаларына (конфет, торт, кәдесый және т.б.) бағынысты тұлғалардан немесе оның қызметтік уәкілеттігі жүретін өзге де тұлғалардан сыйлық қабылдауға құқығы жоқ екендігі, одан басқа, мүліктік пайда, игілік және артықшылықтар алу үшін ресми тұлғаларға сыйлықтар беруге және қызметтік емес қызметтер көрсетуге тыйым салынатындығы айтылған.
Бұдан өзге, егер мемлекеттік қызметшіге өзі білмей келген сыйлықтар, ресими іс-шаралар кезінде табысталған сыйлықтар ҚР Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі № 833 қаулысымен бекітілген «Мемлекет меншiгiне айналдырылған мүлiктi есепке алу және сақтау қағидаларына» сәйкес,алынған күннен бастап 7 күнтізбелік күн ішінде ерікті түрде арнайы қорға тапсырылады.Жеті күндік мерзімнің (шотына білмей түскен ақша бойынша – екі апталық мерзім) бұзылуы, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға байланысты сыйлықтарды қабылдау қылмыстық не әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін негіз болып табылады.Ал егер сыйлық ұнаған болса, жоғары тұрған лауазымды адамның келісімімен нарықтық баға құнымен сатып алуға құқылы.
Іле ауданының Әдеп жөніндегі уәкілі – М.Мәдіғұлов