
Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асырып, асқақтату. Әрбір өркениеттің биігіне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер екені белгілі.
Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы.
Тұңғыш Президент Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» стратегиялық құжатында елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат құру қажеттігін атап өтті. Аталған жұмысты жалғастыру үшін ең біріншіден барлық мемлекеттік органдарда қызмет істейтін мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігін арттыру қажеттігі туралы талаптар басты назарда болды. Өйткені еліміздің өркендеуі, дамуы, мемлекеттік қызметшілердің отан сүйгіштігіне, білімі мен біліктілігіне байланысты. Сонымен қатар, үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Себебі, мемлекеттің саясатын іске асыратын мемлекеттік қызметші, ал мемлекеттік қызметтің мәртебесі мен беделі мемлекеттік қызметшілерге тікелей байланысты екені анық.
Егеменді еліміз ТМД аумағында алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызмет туралы заңнама қабылдап, қызметтік мансап жүйесін енгізді, әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін құрды.
Ең негізгісі, мемлекеттік қызметшілер халықтың сенімін ақтап, Отанға қызмет етуі керек. Сонда ғана біз дамыған 30 елдің қатарына енеміз.
Мемлекеттік қызметші болу зор жауапкершілікті, абыройлы міндетті жүктейтіні сырт қараған адамға байқала бермейтіні рас.
2013 жылы «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Елбасының Жарлығына сәйкес, 23 маусым – Мемлекеттік қызмешілер күні деп белгіленді.
Мерекенің басты мақсаты - мемлекеттік орындарда қызмет істейтін азаматтардың жұмысқа деген ынта - жігерін арттыру, жылдар бойы сіңірген еңбегін назардан тыс қалдырмай, марапаттау, елге талмай еңбек етіп жатқан азаматтарымыздың шығармашылығына шабыт беру, халық пен билік арасындағы байланысты нығайта түсу болып табылады.
Әр қызметші өз кәсібін мақтан тұтып, қоғам назарына бөленіп, өз еңбегі үшін лайықты марапатталып жатса, қай саланың болсын жұмысы жандана түседі.
Осынау кәсіби мереке күніне орай, ауданымызда салтанатты іс шара өткізілді.
Шарада аудан әкімі Б.Қарасаев мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, аталмыш қызметтің маңыздылығына тоқталды.
Бүгінгі таңда ауданымыздағы мемлекеттік қызметшілер саны 400 –ден астам.
Кәсіби мереке қарсаңында Еліміздің дамуына үлес қосып, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында артылған міндеттерді абыроймен орындаудағы қызметі үшін ауданның 12 мемлекеттік қызметкерлері аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің алғаш табалдырығын аттаған ауданымыздың 4 жас мамандары Отанға адал, кәсіби қызмет көрсетуге ант берді.
Мемлекеттік әкімшілік қызметке жаңадан қабылданған қызметкерлер ретінде ант қабылдағандар арасында Ащыбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Байжанбаева Балжан Наурызбекқызы, Іле ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы Қани Жанат Мелісұлы, Байсерке ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Молдасанова Фатима Панияқызы, Іле аудандық құрылыс бөлімінің жетекші маманы Нұрмұхамбетов Марлан Қалмаханұлы.
Өз кезегінде мемлекеттік әкімшілік қызметкер ретінде ант берген жас маман алдағы уақытта мемлекеттің мүддесі үшін қызмет ететіндерін жеткізді.
Мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет. Сондықтан, кәсібилікпен бірге жоғары адамгершілік қасиеттерді, әдеп нормаларын сақтау, мемлекеттік қызметшілердің мінсіз үлгісін көрсету, сыбайлас жемқорлықтан сақтану, мәдениетті тұлға мен жоғары парасаттылықты көрсету, өзінің іс-әрекетімен басқаға үлгі болуды мемлекеттік қызметші үнемі басты назарда ұстауы керек.
Іле ауданының Әдеп жөніндегі уәкілі М.Мәдіғұлов