
Елбасы Н.Назарбаев: «Мемлекеттік қызметші — жоғары моральды жауапкершілік, кәсіби білімін тәжірибеде қолдана алу, адалдық, таза ниеттілік, белсенді өмірлік ұстаным сияқты негізгі қасиеттерге ие болуы шарт, яғни мемлекеттік қызметтегі әр адам өз жұмысының маңыздылығын сезіне отырып өз елінің патриоты болуы тиіс» деп ерекше ден қойған.
Бұл орайда, санамызға мемлекеттік қызметшіге қоғам мен мемлекет тарапынан қойылған талаптың қаншалықты жоғары екендігін көруімізге болады.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V заңының 1 бабы, 6), 12) тармақтарында «мемлекеттік қызмет» және «мемлекеттік кызметкер» ұғымдарына келесідей түсініктеме берілген. Мемлекеттік қызмет - мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдарда мемлекеттік биліктің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді атқару жөніндегі қызмет және Мемлекеттiк қызметшi - мемлекеттiк органда заңдарда белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттен не Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiнiң қаржысынан ақы төленетiн қызметтi атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттiктi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы делінген.
Бүгінгі таңда, осы мемлекеттік қызметшілерге қоғам және мемлекет тарапынан жоғары жауапкершілік міндеті жүктелуде. Ал олардың қызметтегі негізгі құқықтары қандай? Осыған тоқталсақ:
Мемлекеттік қызметтің маңызды қағидаттарының бірі ол мемлекеттік қызметшінің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы.
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Конституциясымен, сондай-ақ 2015 жылғы 23 қарашадағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңымен, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi N 94 Заңы және тағы басқа нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы заңының 9 бабына сәйкес, Мемлекеттiк қызметшiлердiң негізгі құқықтары: Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында кепiлдiк берiлетiн құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға; өзіне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың анық жағдайлары туралы өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының және (немесе) құқық қорғау органдарының назарына жеткізген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық және өзге де қорғалуға; еңбегiнiң қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажеттi еңбек жағдайларына; әлеуметтік және құқықтық қорғалуға; өзінің лауазымдық өкiлеттiктерi шегiнде мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiмдер қабылдауға қатысуға, тиiстi органдар мен лауазымды адамдардың оларды орындауын талап етуге; лауазымдық өкілеттіктерін атқару үшiн ұйымдарға белгiленген тәртiппен баруға; басшыдан мемлекеттiк қызметшi атқарып отырған мемлекеттік лауазымға сәйкес мiндеттерді және лауазымдық өкiлеттiктер көлемiн дәл айқындап беруді талап етуге; жеке басының қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне, басшылар, өзге де лауазымды адамдар және азаматтар тарапынан өзiне әдiл және құрметпен қарым-қатынас жасалуына; өзi атқаратын мемлекеттік лауазымға, жұмыс сапасына, тәжiрибесiне және осы Заңда белгiленген өзге де негiздерге қарай ынталандырылуына және еңбекақы төленуiне; тиiстi бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражаты есебiнен даярлануға, қайта даярлануға және бiлiктiлiгiн арттыруға; мемлекеттік орган оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға немесе тағылымдамадан өтуге жіберген жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда жұмыс орнының (мемлекеттік лауазымының) сақталуына; өзiнiң мемлекеттiк қызмет өткеруiне қатысты материалдармен кедергiсiз танысуға, қажет болған жағдайларда жеке түсiнiктемелер беруге; бiлiктiлiгi, құзыреттері, қабілетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң лауазымдық мiндеттерiн адал орындауы ескеріле отырып, мемлекеттік қызмет бабында ілгерілетілуге; мемлекеттік қызметшiнiң пiкiрiнше негiзсiз айып тағылған жағдайда қызметтiк тергеп-тексеруді талап етуге; сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін оның жауаптылығын қарау жағдайларын қоспағанда, мемлекеттiк қызметтен өз қалауы бойынша шығарылуға; зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандырылуға; лауазымдық өкілеттіктерін атқару үшін қажетті ақпарат пен материалдарды белгіленген тәртіппен алуға; жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттiк қызметтi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгізуге құқығы бар.
Бұдан өзге, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Заңының, 74 бабының 5 тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру кезегiне тұрып, баспаналы болуға құқығы бар.
Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 15 қаңтар мемлекеттік қызметкерлерге әлеуметтік пакет құру қажеттігін тапсырды.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет істер агенттігінің және Президент әкімшілігінің қолдауымен мемлекеттік қызметкерлерге тұрғын үй сатып алу және зейнетақы тағайындау кезінде жеңілдіктер беру, балабақшалардағы орындармен қамтамасыз ету, өңірлерде сауықтыру үшін жағдай жасау бойынша шаралар әзірлеуде.
Іле ауданының Әдеп жөніндегі уәкілі М.Мәдіғұлов