2026 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) өндірген электр энергиясының көлемі 7,8 млрд кВт·сағатты құрады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға жоғары.
Электр энергиясының негізгі көлемі жел электр станцияларына тиесілі – 4,9 млрд кВт·сағат. Күн электр станциялары 1,9 млрд кВт·сағат, шағын су электр станциялары 993 млн кВт·сағат электр энергиясын өндірді.
Жалпы электр энергиясын өндірудегі ЖЭК үлесі 8,5%-ға жетті. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 8,08%-ды құраған.
Бұл ретте елдегі ЖЭК объектілерінің белгіленген қуаты 3,7 ГВт-қа жетті. Белгіленген қуат құрылымында жел электр станцияларының үлесі 2 ГВт, күн электр станцияларының үлесі 1,3 ГВт, шағын су электр станцияларының үлесі 313 МВт құрайды.
Осылайша, Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру көлемінің өсуі жалғасуда. Бұл олардың елдің энергетикалық теңгеріміндегі үлесін арттыруға және таза энергетиканы одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Қазақстан халқын газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу үшін Энергетика министрлігі магистральдық газ тасымалдау инфрақұрылымын, өңірлік желілерді және газ ресурстық базасын кешенді түрде дамытуды көздеп отыр.
Өңірлерді газбен қамтуды одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретін негізгі жобалар:
«Ишим – Астана». Жоба солтүстік өңірлерді газдандыру үшін стратегиялық маңызға ие. Оның іске асырылуы Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын сенімді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі. Жоба газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін арттырып, елдің оңтүстік және орталық өңірлеріндегі өсіп келе жатқан газға деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
КС-14 – Қостанай магистральдық газ құбыры. Ақтөбе облысындағы КС-14 компрессорлық станциясынан Қостанай қаласына дейін газ құбырын салу, сондай-ақ КС-14 алаңында жаңа компрессорлық цех құрылысы көзделеді. Жоба Қостанай облысын сенімді газбен қамтамасыз етіп, солтүстік өңірлерді одан әрі газдандыруға қосымша мүмкіндік береді.
«Талдықорған – Үшарал». Ұзындығы шамамен 302 шақырым болатын газ құбыры Жетісу облысының елді мекендерін газбен қамтамасыз етіп, газдандыруды одан әрі 84 елді мекенге дейін кеңейтуге мүмкіндік берді. Жоба 2025 жылы пайдалануға берілді.
Өңірлік газдандыру жобалары. Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды және басқа да облыстарда жеткізуші және тарату газ желілерінің құрылысы жалғастырылады.
Бұл жобаларды іске асыру еліміздің газбен қамту жүйесінің құрылымын айтарлықтай өзгертуге мүмкіндік береді.
Осылайша, магистральдық және өңірлік инфрақұрылымды дамыту газбен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін ұлғайтуға және жекелеген өңірлердің бір ғана бағытқа немесе газ көзіне тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді.
Аталған жобаларды кешенді түрде іске асыру Қазақстандағы газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізудің маңызды шарттарының бірі болып табылады.
Осыдан аз ғана уақыт бұрын Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастық ең алдымен мұнай мен газ салаларымен байланысты болатын. Қазір ынтымақтастықтың күн тәртібі айтарлықтай кеңейді. Оның аясында жел және күн электр станциялары, энергия жинақтау жүйелері, гидроаккумуляциялық станциялар, сутегі технологиялары және энергетика бірыңғай өндірістік тізбектің бір бөлігіне айналатын өнеркәсіптік кешендер пайда болды. Ынтымақтастықтың рөлі де өзгеруде: Қазақстанға инвестициялармен қатар технологиялар, жабдықтар және жаңа құзыреттер келуде.
Павлодар облысында қытайлық State Power Investment Corporation (SPIC) компаниясы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының жобасын іске асыруда. Жоба құрамында қуаты 300 МВт және энергия сыйымдылығы 600 МВт·сағ болатын энергия жинақтау жүйесі қарастырылған. Мұндай үйлесім жел энергиясын өндіруді оны жинақтаумен және кейіннен электр желісіне берумен байланыстыруға мүмкіндік береді.
China Energy Engineering Group компаниясы тағы екі ірі жобаны іске асыруда. Түркістан облысында қуаты 300 МВт күн электр станциясын, ал Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясын салу көзделген.
Жаңартылатын энергия көздері арқылы өндірілетін электр энергиясының үлесі артқан сайын, энергожүйенің өндіріс пен тұтынуды теңгеру мүмкіндігі де маңызды бола түседі.
Осы ретте ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – гидроаккумуляциялық электр станциялары. Қазақстан қытайлық инвесторлармен бірлесіп Алматы облысында ГАЭС жобаларын пысықтауда. Мұндай станциялар сұраныс төмен кезеңдерде электр энергиясын жинақтап, кейін оны жүктеме жоғары болатын уақытта пайдалануға мүмкіндік береді.
Бүгінде Қытайдың қатысуы дәстүрлі генерация саласына да таралуда. Ақтау қаласында China Huadian Corporation компаниясының қатысуымен қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу жобасы іске асырылуда. Жоба өңірді қосымша қуатпен қамтамасыз етіп, Маңғыстау облысының энергиямен қамту сенімділігін арттыруға бағытталған.
Энергетикалық әріптестіктің тағы бір бөлігі – сутегі технологиялары. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында Қазақстан-Қытай сутегі технологиялары орталығы құрылды. Оның серіктестері – ҚазҰУ, Shanghai Jiao Tong University және Energy China International. Тараптар бірлескен зерттеулер жүргізуге, технологияларды сынақтан өткізуге, пилоттық жобаларды іске қосуға, әзірлемелерді коммерцияландыруға және оларды Қазақстанның өнеркәсіптік жобаларына интеграциялауға уағдаласты.
Бұл жағдайда әңгіме энергетиканың айналасында технологиялық базаны қалыптастыру туралы болып отыр. Ғылыми зерттеулер, сынақтар және әзірлемелерді кейіннен өндіріске енгізу инвестициялық жобалармен қатар ынтымақтастықтың маңызды бөлігіне айналуда.
Нәтижесінде энергетикалық ынтымақтастықтың логикасы да өзгеруде. Біртұтас жүйеге электр энергиясын өндіру мен жинақтау, оны теңгерімдеу, өнеркәсіптік кооперация және жаңа технологияларды дамыту бағыттары біртіндеп бірігуде. Дәл осы өзара байланыс Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық әріптестіктің негізгі бағыттарының біріне айналып келеді.
Алматы облысындағы Sokol International Circuit автодромында Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылған FIA Central Asia Drifting Cup 2026 дрифт жарысы өтті. Халықаралық додаға Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан және Ресейден келген 20 автошабандоз қатысты. Бұл жарысты Қазақстанның Автомотоспорт федерациясы мен Қырғызстанның Автомотоспорт және жол қауіпсіздігі федерациясы бірлесіп ұйымдастырды.
Үш күнге созылған додада пилоттар барын салды. Жарыс ережесі бойынша автошабандоздар жоғары жылдамдықпен жүйіткіп келіп, бұрылыстарды дәл бағындыруы тиіс. Алдымен іріктеу кезеңінен өткен кіл мықтылар, кейін жұптық бәсекеде бақсынасты.
Ал, жарыс алаңындағы жанкүйерлер шабандоздардың шеберлігін тамашалап, дөңгелектен шыққан көк түтін мен құлақ тұндырар көлік үнінен керемет әсер алды. Тіпті жиналған жұрт дрифт көліктерін жақыннан көріп, пилоттармен тілдесіп, қолтаңба алды. Ал автодром аспанында Қазақстан, Қырғызстан және FIA туын ұстаған парашютшілер өнер көрсетті.
Халықаралық шараның ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев қатысып, автошабандоздарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ FIA-ның алғашқы аймақтық дрифт Кубогының Қазақстанда өтуі еліміз үшін ғана емес, Орталық Азиядағы автоспорттың дамуы үшін де маңызды екенін атап өтті.
“Автоспорттан халықаралық деңгейдегі жарысты Алматы облысында ұйымдастыру – біз үшін үлкен жауапкершілік әрі жаңа тәжірибе. Өңірде спорттық инфрақұрылымды дамытуға, халықаралық жарыстар өткізуге және бұқаралық спортты қолдауға ерекше мән беріледі. Бүгінгі дода – тек спорттық бәсеке ғана емес. Бұл – Орталық Азия елдерінің спортшыларын тоғыстырып, тәжірибе алмасуға, кәсіби шеберлікті шыңдауға және өңірдегі автоспорт мәдениетін дамытуға мүмкіндік беретін маңызды дода”,-деді Ғани Майлыбаев.
Ал FIA Дрифт комиссиясының төрағасы, жапониялық Коичи Мурата жарысты ұйымдастыруға атсалысқан Қазақстан мен Қырғызстанның автомотоспорт федерацияларына, Sokol International Circuit командасына және мамандарға алғыс білдірді.
Жарыстың ең тартысты сәті финалда болды. Дрифт кезінде қазақстандық пилот Олег Хридочкин мінген көліктің рөлінің гидравликалық күшейткіші (ГУР) істен шықты. Ереже бойынша төрешілер ақауды қалпына келтіруге бес минут қана уақыт берді. Бірақ механиктер оны жөндеп үлгерген жоқ. Соған қарамастан Хридочкин жарыс жолына шығып, халықаралық доданың бас жүлдесін жеңіп алды.
Көлігімнің рөлі істен шыққан соң, жеңіске жетемін деген ой болған жоқ. Бас жүлде қарсыласым Михаилға бұйыратынына сенімді болдым, оны тіпті жеңісімен құттықтап қойдым. Бірақ төрешілер екі жарыстың қорытындысын ескере отырып, бірінші орынды маған берді. Шынымды айтсам, қара күштің арқасында ұттым», – деді Олег Хридочкин.
Осылайша FIA Central Asia Drifting Cup 2026 жарысының бас жүлдесін Nissan 200SX көлігін тізгіндеген Олег Хридочкин иеленді. Екінші орынды Nissan 350Z көлігімен Михаил Пак, үшінші орынды Nissan 200SX көлігімен Александр Бочкарев алды.
Үш жүлдегер де – Қазақстан пилоттары. Жеңімпазға – 6,5 млн теңге, екінші орын иегеріне – 4,5 млн теңге, үшінші орын алған пилотқа – 3,5 млн теңге ақшалай сыйақы табысталды.
Бұл жарыс Орталық Азия елдерінің пилоттарына FIA Кубогы аясында бақ сынауға мүмкіндік берді. Ал, жарыс ұйымдастырушылары, төрешілер мен техникалық мамандар халықаралық деңгейдегі доданы жоғары деңгейде өткізіп, мол тәжірибе жинады.
Алматы облысында Дүниежүзілік тазалық күніне орай жалпыхалықтық сенбілік өтті. Шараға облыс тұрғындары, еріктілер мен жастар қатысты.
Олар таңмен таласа тұрып саябақтар мен аулаларды қоқыстан тазартты. Сондай-ақ Қонаев қаласында 200 түп алма ағашының көшеті отырғызылды. Игі іске атсалысқан облыс әкімі Шыңғыс Әрінов, қоршаған ортаны таза ұстау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ өңір тұрғындарын «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді қатысып, елдімекендердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақырды.
Алматы облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы жүйелі түрде өткізіледі. Бүгіннің өзінде облыс көлемінде өткен сенбілікке 40 мыңнан астам адам қатысып, 2230 тонна қалдық шығарылды. 762 гектар аумақ тазартылып, бұл жұмысқа жұмысқа 400-ден аса техника жұмылдырылған.
« Бізде тазалық жұмыстары 31 апта бойы жалғасып келеді. Күні бүгінге дейін тазалық жұмыстарына 730 мыңға жуық адам қатысып, 10 мың гектар аумақ тазаланды. Сонымен қоса 104 081 түп ағаш отырғызылды . Іс-шараларға 4200-ден астам техника пайдаланылды» – дейді Алматы облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының өкілі Алина Түсіпбаева.
Сенбілікке қатысушылар әрбір елдімекеннің тазалығы тұрғындарға тікелей байланысты екенін айтты.
«Осындай өнегелі істің өтетінін естіген бойда қуана-қуана келдік.Қазір қаламыз тез көркейіп келеді. Енді отырғызған ағаштар жайқалып, осы маң балалардың шат күлкісіне толы, немерелеріміз еркін ойнап жүретін орынға айналса екен дейміз. Бүгінгі шара біздің бірлігімізді анық көрсетті», – деді облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестінің мүшесі Шахит Лабазанов.
2026–2030 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, Алматы облысында жыл сайын шамамен 220 мың түп ағаш отырғызу көзделген.
Алматы облысының Райымбек ауданында туристік нысандарға апаратын 95 шақырым жол жөнделіп жатыр. Инфрақұрылымның жаңаруы Шалкөде, Шұбартал, Байынқол және Көккемер жайлауына кедергісіз жетуге мүмкіндік береді. Соның арқасында тұмса табиғатты тамашалауға келетін туристер саны да артады. Кәсіпкерлікті дамытып, жергілікті халықтың табысын арттыруға оң ықпал етеді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәселен, Көккемер жайлауындағы сұлулығы жан тербететін туристік нысанның бірі – теңіз деңгейінен 3600 метр биіктікте орналасқан Текес сарқырамасы. Жергілікті халық Күркілдек деп те атайды. Сарқырама қарағайлы орманмен көмкеріліп, жасыл-желекке оранған таулы аймақтың ажарын ашып, сәнін келтіріп тұр. Нысан «Нарынқол орман шаруашылығы» мекемесінің қарамағында. Күн санап бұл жерге қызығушылық танытатындар саны артып келеді. Алдағы уақытта туристер аталған аумаққа оңай жете алады. Себебі Көккемер жайлауының кіреберісіндегі 21 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Ол үшін 10 техника мен 25 қызметкер жұмылдырылған. Бүгінде жұмыстың 30% атқарылды. Келесі жылы толығымен аяқталады.
Одан бөлек атақты Шалкөде жайлауының кіреберісіндегі автомобиль жолын орташа жөндеу жұмысы қолға алынды. Жалпы ұзындығы – 32,5 шақырым. Қазіргі уақытта 26 шақырым жол негізі дайындалды және 10 су өткізгіш құбыр ауыстырылып, 4 шақырым асфальт жабыны төселді. Бүгінде жөндеу жұмысының жартысынан көбі орындалды. Жыл соңына дейін тәмамдалады.
Шұбартал жайлауы да – туризмді дамытуға ыңғайлы таптырмас аймақ. Мұнда ұзындығы 28,5 шақырым болатын жол салыну үстінде.
Көркі көз тұндырар тағы бір нысан – Байынқол аңғары. Бүгінде 13 шақырым жолдың орташа жөндеуі 30%-ға бітті. Сонымен қатар жол бойында арнайы автотұрақ қарастырылған. Жоба 2027 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Бұл игі жұмыстар туризмі түлеп келе жатқан Райымбек ауданының дамуына серпін береді. Сапалы жол – аудан тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен туризмді тұрақты ілгерілетудің кепілі.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғап, жүлделі оралған Алматы облысының спортшылары марапатталды. Қырғызстанда өткен халықаралық додада бабы мен бағы қатар жанған жүлдегерлерге Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов алғыс айтып, ілтипат білдірді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
“Көшпенділер ойындары – халқымыздың ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, ат үстіндегі өнерін әлемге танытатын аса маңызды халықаралық жарыс. Әлемнің 100-ден астам елінен кіл мықтылар қатысқан дүбірлі додада ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Бұл – еліміз үшін үлкен мақтаныш. Біз үшін тағы бір ерекше қуаныш – ел құрамасының сапында Алматы облысы атынан өнер көрсеткен спортшылардың жүлделі орындарға ие болуы. Бұл ретте спортшыларымыздың жеңісіне жол ашқан бапкерлердің де еңбегін ерекше атап өткім келеді. Өңірде ұлттық спортты дамытуға, балалар мен жасөспірімдер арасынан спорт резервін қалыптастыруға ерекше басымдық беріліп келеді. Соңғы жылдары ұлттық спортқа бет бұрған жастардың қатары айтарлықтай артты. Алдағы уақытта ұлттық спортты кеңінен дәріптеуге, оны бұқаралық сипатқа жеткізуге, жас таланттарды іріктеп, мықты спорт резервін қалыптастыруға және ел абыройын асқақтататын саңлақтарға жан-жақты қолдау көрсетуге басымдық береміз. Ұлттық спорттың өркендеуі заманауи әрі қолжетімді инфрақұрылымға да тікелей байланысты, – деді Шыңғыс Сайранұлы.
Сондай-ақ спорт нысандарын салу мен жаңғырту және әрбір тұрғынның спортпен шұғылдануына қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын тілге тиек етті.
Аймақ басшысы санаулы күндерден соң жалауы желбірейтін ХХ Азия ойындарына Қазақстан құрамасы сапында Алматы облысының 24 өкілі спорттың 13 түрінен бақ сынайтынын айтып, барша тұрғындарды осы байрақты бәсекеге қатысатын жерлестерімізге қолдау көрсетуге шақырды.
Бүгінгі іс-шара барысында «Алатау» федерациясының президенті Сәбит Қасенов, көкпардан VI дүниежүзілік көшпенділер ойындарының төрешісі Елдос Тілебалдиев және аламан бәйгеден, көкпардан, көкбөріден жүлделі орындарға ие болған спортшыларға Президентің “Алғыс хаты” табысталды. Өзге спортшылар мен бапкерлер де облыс әкімінің “Құрмет грамотасы” және “Алғыс хатпен” марапатталды.
Дүбірлі додада көк байрақты желбіретіп, жеңіспен оралған спортшылар өздерін елеп-ескерген Мемлекет басшысы мен облыс әкіміне алғыс білдірді.
Алматы облысында 2030 жылға дейін 186,6 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын енгізу жоспарлануда. Қазірдің өзінде өңірде тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісімен мыңдаған гектар жайылым жер егістікке айналды. Соңғы төрт жылдың өзінде тіршілік нәрін үнемдеу технологияларын қолдану көлемі 3,3 есеге артып, 66,6 мың гектарға жеткен. Бұл облыстағы суармалы жерлердің шамамен 30 пайызын құрайды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Биыл бұл көрсеткіш 94 мың гектарға дейін ұлғайды. Өтйкені өңірде су үнемдеу технологияларына бағытталған инвестициялық жобалардың саны артып келеді. Мәселен, Іле ауданындағы «Alfalfa.kz» серіктестігі 1,7 мың гектар алқапты жаңбырлатып суарып, жоңышқа өсіруді қолға алмақшы. Жобаға шамамен 1,5 миллиард теңге қаржы жұмсалады.
Компания башысы Жәнібек Қалиевтың сөзінше қазір жер телімінің маңына құбырлар тартылып, жаңбырлатып суаратын қондырғылар орнатыла бастаған.
«Егістікке қажетті суды Сорбұлақтан аламыз. Ол үшін арнайы суды тазартатын станция салуды көздеп отырмыз. Онда тұтастай автоматтандырылған жүйе арқылы су тазартылып, пайдаланылады. Қазір электр желісін іске қосып, суару жүйелерін жасап жатырмыз. Келер жылы көктемде жоңышқа егуге білек сыбана кірісек деген ойдамыз. Бұл жоба өңірдің жем-шөп базасын нығайтуға,ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға және экспорттық әлеуетті арттыруға зор мүмкіндік береді»,– деді ол.
Алдағы төрт жылда Алматы облысындағы егіс алқаптарының 67,3 пайызына су үнемдейтін технологияларды енгізу жоспарланып отыр. Тіршілік нәрін ысырап қылмас үшін суды көп қажет ететін дақылдардың көлемі де азайтылуда. Биыл өңірде 440 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.
Алматы облысы биыл мемлекеттік бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден 1,5 трлн теңге түсіруді жоспарлап отыр. Бұл – өңір тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Былтыр облыс алғаш рет 1,1 трлн теңгеден астам түсім қамтамасыз еткен. Оның ішінде республикалық бюджетке – 490,5 млрд, жергілікті бюджетке 628,6 млрд теңге түсті, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салық түсімдерінің тұрақты өсуі өңір экономикасының да алға жылжып келе жатқанын көрсетеді. Соның бір мысалы – облыстық бюджетке қаржы аударатын донор аудандар санының көбеюі. Алматы облысы қайта құрылғанға дейін Іле және Қарасай аудандары ғана донор болса, қазір олардың қатарына Талғар, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандары, сондай-ақ Қонаев және Алатау қалалары қосылды. Осылайша донор аумақтар саны 2-ден 7-ге жетті.
Донор аумақтардың көбеюіне жаңа өндірістердің іске қосылуы, инвестицияның артуы және кәсіпкерліктің дамуы әсер етті. Соңғы жылдары облыста KT&G, PepsiCo және «Жетісу Вольфрамдары» сияқты ірі компаниялардың жаңа өндірістік жобалары іске қосылды. Сондай-ақ, Іле ауданында ФМК мен JTI кәсіпорындарының өндірістік қуаттарын кеңейтуі де салық түсімдерінің өсуіне ықпал етті.
«Донор аудандардың саны ғана емес, облыстық бюджетке аударатын қаржы көлемі де артып келеді. 2024 жылы донор аудандардан облыстық бюджетке 276,5 млрд теңге түсті. 2025 жылы бұл көрсеткіш 292,5 млрд теңгеге жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында 241,9 млрд теңге түсті. Биылғы жылдық жоспар – 542,6 млрд теңге. Ең көп түсім түсіретін аудан – Іле ауданы. Былтыр аудан облыстық бюджетке 249,3 млрд теңге аударса, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында – 165,2 млрд теңге түсті. Бұл облыстық бюджет кірістерінің 42,4 пайызын құрайды», – деді Алматы облысының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораз.
Салық түсімдерінің қазіргі өсім қарқыны сақталса, Алматы облысы 2029 жылға қарай республикалық бюджетке қаржы аударатын донор өңір мәртебесін алуы мүмкін.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Кеген ауданындағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарымен танысты.
Өнеркәсібі өркендеп, туризмі түлеп келе жатқан таулы аймақта соңғы жылдары электр энергиясының тапшылығы сезіле бастаған. Жарық жетіспеушілігін жою үшін Кеген ауданының Алғабас ауылында шағын су электр станциясының құрылысы басталды. Инвестициялық жобаны "Kegen Hydro" компаниясы жүзеге асырады.
Инженерлер қазір жер қазу жұмыстарын аяқтап, су арнасын нығайту және ғимарат салуға дайындалуда. Дәл осы ауылда тағы бір, жылдық қуаты 10 MBт болатын шағын гидроэлектр станциясын салу жоспарлануда. Жобаға "Осирис Энерго"ЖШС 11 млрд теңге инвестиция құюға ниетті. Аймақ басшысы бұл жобалардэ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай оң әсер ететін тілге тиек етті.
Сонымен қоса аймақ басшысы жобаны жүзеге асырып жатқан компания өкілдеріне құрылыс жұмыстарына жергілікті азаматтарды көптеп тартуды, әсіресе жастардың кәсіби маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік жасауды баса айтты. Алғабас ауылында бұдан өзге де ақжолтай жаңалықтар аз емес. Мұнда осал топтағы отбасыларға арналған он үй салынып жатыр. Ол баспана кезегінде тұрған азаматтарға ұзақ мерзімге жалға берілмек.
Сондай-ақ ауылда "Ұлағатты ұрпақ" қоғамдық қорының қолдауымен жаңа мектептің іргетасы қаланып жатыр. Қоғамдық қор құрылтайшысы Жандос Тұрысбектің сөзінше екі қабатты білім ошағында оқу сыныптарынан өзге спорт зал, кітапхана мен зертханалар қарастырылған. Ал облыс әкімі қабырғасы енді қаланып жатқан оқу ордасының тек білім берумен қатар, ауылдың спорты мен мәдениетін дамытуға қызмет ететін нысан ретінде пайдалану керек екенін жеткізді.