Жылыту маусымына дайындық

Жаңа 2024-2025 жылғы жылыту маусымына облыс бойынша халыққа көмір қажеттілігі 714 мың тоннаға, яғни 10 352 вагонға тең болады.

Бүгінде темір жол көлігімен 404,1 мың тонна көмір жеткізілді. Сонымен қатар, Райымбек ауданындағы "Ойқарағай" кенішінен 21,7 мың тонна көмір сатылды. Қазіргі уақытта теміржол тұйықтары мен қоймаларында 47,4 мың тонна көмір жинақталған.

Әлеуметтік нысандарды сұйық отынмен қамтамасыз ету қажеттілігі 15 млн литрді құрайды, бүгінде бұл қажеттілік толық көлемде жабылған. Қазіргі таңда Заречный ауылындағы қазандық пен Қонаев қаласының қазандықтарына 2 900 тонна мазут отыны дайындалған (жоспар бойынша 3 800 тонна). Сонымен қатар, облыс бойынша барлық қазандықтар жөндеуден өтіп, штаттық режимде жұмыс істеуде, жылу өндіруші ұйымдар тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызметтермен қамтамасыз етілген.

2024 жылдың қазан-қараша айларында Жамбыл ауданының Ақтерек және Бірлік, Талғар ауданының Қайнар және Ұйғыр ауданының Шарын ауылдары газға қосылды. Бұл шара 11 582 тұрғынға табиғи газға қолжетімділік берді. Жоспар бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін Талғар ауданының Көктал және Арқабай, Ұйғыр ауданының Тасқарасу және Бахар ауылдары да газбен қамтылады. Бұл жобалар 8 553 тұрғынды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Дата публикации
26 ноября 2024