⚡️Өзекті мәселелер депутат назарында

⚡️Өзекті мәселелер депутат назарында

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Максим Рожин ауданымызға келіп, құрылыс саласындағы проблемалармен танысты, өндірісті аралап, ұстаздар қауымымен, жастармен кездесті.

«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев, аудандық филиал төрағасы Бағдат Рахимов, аудан әкімінің орынбасары Қуат Ақшабаев, білім бөлімінің басшысы Арайлым Төлеубекова, Есік қаласы әкімінің міндетін атқарушы Марлен Мұратов бастаған топ алдымен Есік қаласында құрылысы тоқтап тұрған Абылайхан атындағы орта мектепке барды.

Былтыр күрделі жөндеу жұмыстары басталған білім ошағында шикіліктер көп. Мердігер мекеме «КазЕвроСтрой» нысанды қосалқы мердігерге (субподрядчик) берген. Бөлінген қаражаттың аздық ететінін желеу еткен қосалқы мердігер бүгінде демонтаж жұмыстарының 30 пайызын ғана атқарған. Келісім-шарт бойынша жөндеу жұмыстары осы жылдың мамыр айының соңына дейін аяқталуы тиіс болған. Құрылыс жұмыстары тоқтап тұр десек те болады, бүгінде алып нысанда 5-6 адам ғана еңбек етуде.

«Қазіргі уақытта білім бөлімі тарапынан мердігер мекеменің үстінен сотқа талап-арыз берілді. Алдағы мәселені сот шешеді. Десек те, осы мектепте білім алатын 1 500 баланы жаңадан ашылған мектеп-лицейге тасымалдап жатырмыз. Бұл ата-аналар мен балаларға қолайсыздық тудыруда», – дейді аудан әкімінің орынбасары Қуат Қарабайұлы.

Мәселенің мән-жайына қаныққан мәжілісмен Парламентте құрылыс саласы бойынша мемлекеттік тендер бойынша заң жобасы қаралып жатқанын жеткізді. Сөзіне сүйенсек, тендерді ұтып алып, құрылысты сағызша созатын, сапасыз жұмыс жасайтын мердігер компанияларға жаза қолданылатын болады. Сондай-ақ, Максим Рожин мектептің құрылысын назарға алып, түйіткілдің түйінін тарқатуға күш салатынын айтты. «AMANAT» партиясы да мәселені күн тәртібіне қойған.

Көктөбе округіне қарасты Төле би ауылында салынып жатқан 450 орындық орта мектеп құрылысы да депутаттың назарынан тыс қалмады. Осы күнге дейін 1,5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған білім ошағының құрылысы әлі күнге аяқталмаған. Мердігер мекеме «EC ENERGY Qazaqstan» қаражаттың жетіспеушілігін алға тартып, екі рет сметалық құнына корректировка жасалған. Мектеп мамыр маусым айына дейін қолданысқа берілуі тиіс.

Жетісу гуманитарлық-техникалық колледжіне ат басын бұрған халық қалаулысы ұстаздармен, жастармен жүздесіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылады. Кездесуде көтерілген негізгі мәселе – жалақының аздығы. Жеке меншік оқу ордасы мемлекеттік стандартпен, талапқа сай жұмыс жасауда. Алайда, ұстаздардың жалақысы мемлекеттік оқу орындарындағы мұғалімдердің жалақысынан әлдеқайда төмен. Осылай деген колледж ұжымы басқа да проблемаларды көтерді. Сапасыз жол, нашар интернет мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, Максим Рожин «Голд Продкут» АҚ-ның жұмыс барысымен танысып, өндірістік әлеуетін көрді. Ұжыммен жүздесіп, көкейдегі сауалдарына жауап берді @amanat_almaty_oblysy Түстен кейін мәжілісмен Шелек ауылында күрделі жөндеуден өтіп жатқан Абай атындағы қазақ орта мектебінің құрылысымен танысты. 1,1 млрд теңге бөлінген жобаның мердігері «СП NEFT» ЖШС. Мектеп құрылысы сәуір айына дейін аяқталуы тиіс.
Мәжіліс депутатының іссапары Бартоғай ауылдық округінде жалғасты. Бижанов ауылындағы М.Мақатаев атындағы орта мектепте жергілікті тұрғындармен кездесіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, кәсіпкерлік салаларындағы өзекті мәселелерді талқылады.

💬 «Жасыратыны жоқ, қоғамда әлі шешімін таппай тұрған проблемалар жеткілікті. Еңбекшіқазақ ауданына жасаған сапарым барысында солардың басым көпшілігімен танысып, құрылыс саласындағы олқылықтарды көрдім. Бұл мәселелер бойынша Парламент қабырғасында тиісті шараларды қабылдауға күш салып, балалардың сапалы әрі заман талабына сай білім алуына, тұрғындардың мәселесін оңтайлы шешуге ықпал етемін», – дейді Максим Рожин.