
Қазақстанда қазан айының соңғы жексенбісінде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні аталып өтіледі.
Осы кәсіби мерекеге орай бүгін Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Қуат Қарабайұлы «Әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлерін» аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттап, сала қызметкерлерін құттықтады:
"Құрметті әлеуметтік сала қызметкерлері! Баршаңызды аудан әкімі Алтай Машикұлының атынан кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің қарттар мен мүгедектерге, көп балалы және күнкөрісі төмен отбасыларға, жұмыссыз азаматтарға көрсеткен қамқорлықтарыңыз ерекше атап өтуге тұрарлық. «Мейірім жүректен шығады, пейіл тілектен туады» дейді халық даналығы. Осы салада жеткен жетістіктердің барлығы – ізгілік пен адамгершілікті ту еткен еселі еңбектеріңіздің жемісі. Сіздерді мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін," - деді аудан әкімінің орынбасары.