
Құрметті аудан тұрғындары!
Баршаңызды 25 қазан – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – өрлік пен елдіктің, Егемендік пен тұғырлы Тәуелсіздіктің нышаны болған ерекше күн.
Тарихқа көз салсақ, 1990 жылы дәл осы күні Жоғарғы Кеңестің қаулысымен Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданды. Онда ҚазКСР егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді. Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.
Сондықтан да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл датаның еліміз үшін маңызын ескере отырып, биыл Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, заңға қол қойды.
Ел тарихындағы осынау ерекше күнді бүкіл халық болып атап өтудің өскелең ұрпақтың ел мен жерге деген махаббаты мен Отан алдындағы үлкен жауапкершілігін жастайынан бойына сіңіріп өсуі үшін маңызы мол. Бұл күн – әрқайсымыздың рухымызды асқақтатып, абыройымызды арттыратын үлкен мереке. Егемендігіміз бен елдігіміз асқақтап, тұғырлы Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Республика күні құтты болсын!