
Алматы облысында балық шаруашылығының мамандарын дайындайтын «Балық мектебі» жұмыс істейді. Өткен жылдың маусым айында ашылған білім беру мекемесі 70 маманды оқытып шықты.
Мектептің негізін қалаушы - «Есік» форель шаруашылығының жетекшісі, ихтиолог Марлен Тұрсынәлі. Кәсіпкердің сөзінше, балық кәсібінде ең өзекті мәселелердің бірі - мамандардың тапшылығы. Сол себепті бір жыл бұрын «Балық мектебін» ашқан.
Орталықтағы оқу мерзімі - 10 күн. Осыншама уақыт ішінде қатысушыларға балық өсіруші, ихтиопотология, балық шаруашылығының экономикасы, балық шаруашығын жобалау, балық шаруашылығының гидротехникасы сияқты мамандықтар бойынша білім беріледі. Курсты сәтті аяқтаған соң, сертификат табысталады.
Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Еңбекшіқазақ аудандық филиалы оқу орталығына жан-жақты қолдау көрсетуде.
«Оқу орталығымен ақпараттық-түсіндірме жүргізу бағытында тығыз байланыстамыз. Қатысушыларға кәсіп ашу, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес беріп, алдағы жобаларын сүйемелдеуге дайынмыз», - деді Кәсіпкерлер палатасының Еңбекшіқазақ аудандық филиалының директоры Бақытгүл Дүйсебекова.