Президент жолдауы, пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы білім беру, өңірлік саясатты жетілдіру, еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру, саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау, ұлттың ұйысуы-одан әрі дамудың басты факторы сияқты негізгі бастамаларды қамтыды.
Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму. Мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі қабылданды. Ұлттық жобалар бекітілетін болады. Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту. Экономикамызға тікелей инвестиция тарту ісін жалғастырудың жаңа тәсілі ретінде Стратегиялық инвестициялық келісім ұғымы енгізілді.
Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру. Қазір «бустерлік вакцинаны» сатып алу өте маңызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу қажет. «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау қажет. Соның арқасында зертханаларымыз 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады.
Сапалы білім беру. Педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсалады. Қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Ұстаздарды қолдау саясаты жалғастыра береді. Тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсету айрықша маңызды. Материалдық қолдау көрсету шараларын «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасымен толықтырған жөн. Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы 225 мың оқушыға орын жетіспейді.
Өңірлік саясатты жетілдіру. Өңірлік саясатта әлеуметтік-экономикалық дамудағы теңсіздікті азайтуға айрықша мән беру керек. Әр аймаққа тән міндеттерді жалпыұлттық басымдықтармен дұрыс ұштастыра білу қажет. Ұлттық даму жоспары аясында азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру үшін нақты 25 міндет айқындалды. Жұмысытардың басым бағыттары – осы.
Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру. Жаппай цифрландыру үдерісі интернет-платформалар негізінде жұмыспен қамтудың жаңа үлгісін алып келді. Такси жүргізушілері, курьерлер және басқалар – осының жарқын мысалы. Бұл сала әлеуметтік және медициналық сақтандыру, зейнетақымен қамту және салық салу тұрғысынан мемлекеттің қолғабыс етуіне мұқтаж болып отыр.
Қазақстан – еңбек мигранттарын қабылдау жағынан ТМД елдері ішінде екінші орында. Бұл саладағы проблемаларды дұрыс шешуіміз керек. Үкімет Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуге тиіс. Онда шетелдерде жұмыс істеп жүрген өз азаматтарымыздың құқықтарын қорғау тәсілдері де көрініс тапқаны жөн.
Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау. Саяси жаңғыруды біртіндеп жүзеге асыру–мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының басым міндетінің бірі. Мемлекеттілігімізді нығайта түсу үшін барлық өзгерісті еліміздің өзіне тән ерекшелігін ескере отырып, біртіндеп жүзеге асырамыз. Бұл – мықты, әділ әрі озық мемлекет құрудың бірден-бір дұрыс жолы.
Ұлттың ұйысуы-одан әрі дамудың басты факторы. Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Сондықтан Үкімет сарапшылармен бірлесіп, жыл соңына дейін жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспарын ұсынуға тиіс.
Еңбекшіқазақ ауданы бойынша МКБ-ның
заңды тұлғаларды әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Алиев О.Д.