Ағымдағы жылдың 16, 19 тамыз күндері аудан әкімдігінің жұмыс тобының мүшелері «Алматы облыстық агроөнеркәсіптік кешені және мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Еңбекшіқазақ аудандық филиалының төрағасы Жуман Сембаевич Мыкыбаевтың және аудандық ардагерлері Кеңесінің төрағасы Узаков Тлеулес Дуйсебаевичтің қатысуымен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінді, Сөгеті, Бартоғай, Қаракемер ауылдық округі әкімдерінің аппараттарында мүгедектігі бар адамдар үшін мемлекеттік қызметтер алудың қолжетімділігіне қоғамдық мониторинг жүргізілді.
Жұмыс сапарының нәтижесінде мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында бұзушылықтар анықталды.
2023 жылдың 12 қазан күні Сөгеті ауылдық округі әкімі аппаратында Жұмыс тобының мүшелері қоғамдық мониторинг жүргізіп, бұзушылықтарды жою бойынша ұсыным берді. Пост-бақылау кезінде ауылдық округ басшылығы енгізілген ұсынымдар бойынша бір жылдың ішінде бұзушылықтарды жою бойынша жұмыстар жүргізбегені анықталды. Мемлекеттік органның атауы жазылған маңдайшалар стандартқа сәйкес келмейді, жұмыс кестесі жоқ, қызмет алушыларға арналған автотұрақ, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға арналған тұрақта асфальт жабыны жоқ, көру қабілеті шектеулі адамдарға арналған стенд (оның ішінде мемлекеттік органның атауы мен жұмыс кестесі бар Брайль шрифтімен тактильді маңдайша) жоқ, «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» 2-ші қабатта орналасқан және толық жабдықталмаған: сканер жоқ, «Балалар бұрышы» мен мүгедектігі бар адамдарға арналған әжетхана қарастырылмаған, күту залында келушілер үшін кондиционерлер жоқ.
Бартоғай ауылдық округі әкімінің аппаратында мүгедектерге арналған пандус белгіленген стандарттарға сәйкес келмейді: жауын-шашыннан қорғайтын шатырмен жабдықталмаған, мүгедектігі бар адамдарға арналған персоналды шақырту түймесі жоқ, тактильді жол жоқ, «Балалар бұрышы» мен мүгедектігі бар адамдарға арналған әжетхана қарастырылмаған, күту залында келушілер үшін кондиционерлер жоқ. «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышында» картридер жоқ. Мемлекеттік органның атауы жазылған маңдайшалар стандартқа сәйкес келмейді.
Қаракемер ауылдық округі әкімінің аппаратында мүгедектерге арналған пандус белгіленген стандарттарға сәйкес келмейді: жауын-шашыннан қорғайтын шатырмен жабдықталмаған. Ғимаратқа кіре берістегі баспалдақтың жоғарғы және төменгі жағы, сондай-ақ баспалдақтың бірінші және соңғы сатыларына сәйкес келетін бөліктері бедерлі бетонмен және контрасты бояумен боялмаған. Есту қабілеті нашар және саңырау адамдарды, сондай-ақ мүгедектер арбасын шұғыл эвакуациялау схемасы жоқ.
Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша көрсетілетін қызметті берушілерге тиісті ұсынымдар мен оларды орындау мерзімі берілді.
Еңбекшіқазақ ауданы әкімі аппаратының
мемлекеттік қызметтер мониторингі
және ақпараттық технологиялар бөлімі