Төтенше жағдай кезінде еңбек демалысына шығу мәселесі бойынша

Төтенше жағдай кезінде еңбек демалысына шығу мәселесі бойынша

Алматы облысының Еңбек инспекциясы бойынша басқармасы, төтенше жағдай кезеңінде жыл сайынғы еңбек демалысын және жалақысы сақталмайтын демалыс берудің заңдылығы мәселесі бойынша мемлекеттік қызметкерлердің өтініштерінің жиі түсуіне байланысты келесіні хабарлайды.

Төтенше жағдай кезеңіне ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия мен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан бірқатар шаралар қабылдады, оның ішінде жекелеген ұйымдардың қызметін уақытша шектеу шаралары да бар.

Мемлекеттік органдардың қызметіне жалпы мемлекеттің тұрақты жұмыс істеуі мен дамуы байланысты болғандықтан, мемлекеттік органдардың қызметі тоқтатылған жоқ.

Сонымен қоса, бүгінгі күні, мемлекеттік органдардың басшылары вирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында бірқатар шаралар қабылдап жатыр, оның ішінде төтенше жағдай кезінде еңбек қызметін жүзеге асыратын жұмыскерлердің санын барынша қысқарту.Бұл шараларды елде туындаған жағдайға байланысты орынды және қажет деп санаймыз.

Сонымен қоса, төтенше жағдайға қарамастан, заңнама талаптарын сақтау және кез келген шешімді құқықтық алаң шеңберінде қабылдау керек екендігін еске саламыз.

Атап айтқанда, төтенше жағдай кезінде міндетті (мәжбүрлі) түрде жыл сайынғы еңбек демылысын немесе жалақысы сақталмайтын демалыс беру арқылы жұмыстан босату заңсыз деп есептейміз.

Еңбек кодексінің 93-бабына Жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берудің кезектілігі жыл сайын жұмыс беруші жұмыскерлер пікірін ескере отырып бекітетін демалыстар кестесіне сәйкес айқындалады.

Демалыстар кестесі өндірістік қажеттілікке байланысты өзгертілген жағдайда, жұмыс беруші бұл туралы жұмыскерге еңбек демалысы басталардан кемінде екі апта бұрын хабардар етуге міндетті.

Осылайша, барлық жұмыскерлерге төтенше жағдайды алға тартып міндетті жыл сайынғы еңбек демалысын немесе жалақысы сақталмайтын демалыс беруге жол берілмейді.

Мемлекеттік органның басшысы төтенше жағдайға байланысты жекелеген жұмыскерлерді жұмыстан уақытша босату туралы шешім қабылдаған жағдайда, бұл шешім Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес ең төменгі жалақыны сақтай отырып бос тұрып қалу түрінде ресімделуі тиіс.

Сонымен қоса, жұмыскерлер бос тұрып қалу уақытына демалыс кестесіне сәйкес немесе тараптардың келісімі бойынша демалыс кестесінен тыс жыл сайынғы еңбек демалыстарын пайдалануға құқылы.

ҚР «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 54-бабына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге алғашқы және одан кейінгі жылдардағы жұмысы үшін жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі.

Сәйкесінше, еңбек демалысына шығу үшін жұмыскерге толығымен бір жұмыс жылы жұмыс істеу міндетті емес. Жұмыс берушінің келісімімен жұмыскерге еңбек демалысы жұмыс істеген бірнеше айлардан кейін де берілуі мүмкін.