
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында «Alageum» Петропавл электротехникалық зауытына барып, өндірістік үдеріс, еңбек жағдайлары және өңірге қоныс аударған азаматтарды жұмысқа орналастыру тәжірибесімен танысты.
Бүгінде кәсіпорында 120 адам еңбек етеді. Зауыт сондай-ақ басқа өңірлер мен елдерден Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударып жатқан азаматтарды жұмыспен қамтуға қатысады.
Кәсіпорынға барған кезде министр жұмыс орындарында ресми жұмысқа орналасуға жағдай жасаудың, қызметкерлерді әлеуметтік кепілдіктермен және қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үшін жұмысқа келген әрбір адамның ресми түрде жұмысқа орналасуы, тұрақты табыспен, әлеуметтік кепілдіктермен және қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етілуі маңызды. Бұл әсіресе өңірлердегі еңбек ресурстарын тарту және орнықтыру шараларын іске асыру кезінде өзекті», – деді Асқарбек Ертаев.
Министр сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған жұмысшылармен әңгімелесті. Олардың арасында Иран мен Өзбекстаннан келген азаматтар бар. Қазіргі уақытта олар кәсіпорында жұмыс істеп, тұрғын үймен қамтамасыз етілген.
2023-2024 жылдары Петропавл қаласында зауытқа жаңадан келген жұмысшылардың отбасылары үшін көппәтерлі тұрғын үй салынды. Нәтижесінде 40 отбасы баспанамен және тұрақты жұмыспен қамтылды.
Бұл тәжірибе жұмыспен қамту, табыспен қамтамасыз ету және тұрғын үй мәселелерін қатар шешуге мүмкіндік беретін кешенді тәсілдің тиімділігін көрсетеді.
Жұмысшылармен кездесу барысында министр Қазақстанның этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуына, олардың бейімделуіне, жұмыспен қамтылуына және одан әрі орнығуына жағдай жасауды жалғастырып жатқанын атап өтті.
«Біздің міндетіміз – адам бейімделудің барлық кезеңдерінен өтіп, жұмыс тауып, отбасын қамтамасыз етіп, жаңа жерде табысты орнығуы үшін кешенді қолдау көрсету», – деп атап өтті ведомство басшысы.
Сондай-ақ Асқарбек Ертаев Петропавл қаласында 2024 жылы ашылған қандастарды уақытша орналастыру орталығына барды. Орталық этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелеріне қажетті құжаттарды рәсімдеу және «қандас» мәртебесін алу кезеңінде уақытша тұруға арналған.
Министрге азаматтардың тұру жағдайлары мен келген азаматтарды сүйемелдеу тәртібі таныстырылды.
Ведомство басшысы мемлекеттік қолдау отбасының бейімделу жолының барлық кезеңін – құжаттарды рәсімдеу мен уақытша орналастырудан бастап жұмыспен қамтуға және өңірде өз бетінше өмір сүруге дейінгі үдерісті қамтуы тиіс екенін атап өтті.