Алматы облысы – Қазақстанның тарихи өлкесі, оны ежелден «Қазақ халқының алтын бесігі» атайды.
Облыс Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан. Ол
1932 жылы орталығы Алматы қаласы болып құрылған. 1944 жылы оның құрамынан Талдықорған облысы бөлініп шықты. 1957 жылы Алматы мен Талдықорған облыстары біріктірілді, содан кейін 1967 жылы Талдықорған облысы қайтадан бөлініп шықты. Соңғы рет екі облыс – Алматы мен Талдықорған – 1997 жылы қосылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы Жарлығымен облыс орталығы болып Талдықорған қаласы бекітілді.
Алматы облысы Қытай Халық Республикасымен және Қырғыз Республикасымен шекаралас, ал республика ішінде Жамбыл, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарымен шекараласып жатыр. Облыстың географиялық сипаты күрделі және рельефі де сан қилы. Солтүстік бөлігі шөлейт жазықтық, ал батыс бөлігінің кей жерлері адырлы шөлейт тегістік болып келеді. Облыстың шығысы мен оңтүстігінде тау қыраттары орналасқан, олар: Тянь-Шань тау жүйесіне кіретін Жоңғар және Іле Алатауы.