
Бүгін Алматы облысының дін істері басқармасының ұйытқы болуымен Отбасы күніне орай, 2020 жылы отбасын құрған және нәрестелі болған қызметкерлерге мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шара онлайн-форматпен қатар, санитарлық талаптарын қатаң сақтай отырып, офлайн да өткізілді.
Қос аққудай махаббат айдынында жүзген, отау құрып, шаңырақ көтерген, нәрестелі болған жарасымды жұптарға аттан құласақ та салттан құламағанымызды айғақтап, келін болып түскен кербездерімізге «келін орамал» жабылып, ошақ тұтқасын ұстар отағаларына кәсіподақ ұйымы атынан кәделі сыйлықтар табысталды. Алдыңғы буын аға-әпкелері ақ тілектерін жаудырып, «батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» демекші, жас отбасыларға ақ бата арналды. Өз кезегінде жалынды жастар да алғыстарын айтып, ізгі лебіздерін білдірді.