«Айбыны асқақ ата заң»

«Айбыны асқақ ата заң»

Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының ұйымдастыруымен ҚР Конституция күніне орай дін істері басқармасының ұжымы мен діни бірлестік қызметкерлерінің арасында өткізілген шағын футбол турнирі мәресіне жетті. Карантин талаптары мен сақтық шараларын сақтай отырып өткізілген кескілескен сайыста командалар келісті ойын өрнегін көрсетіп, ала доптан құр алақан емес екендіктерін дәлелдеді.

Жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттау және бейбіт еліміздің алтын арқауы болған ата заңымызды қадірлеу мақсатында ұйымдастырылған турнирде ала допты ұршықша үйірген аяқдопшылар шаршы топта ойқастай орағытты. Жарыс қорытындысы бойынша, I орынды Нұр мешітінен жасақталған «Достық» командасы иеленсе, II орын Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының «Нар тәуекел» командасына бұйырды. Ал, жүлделі III орыннан діни бірлестік қызметкерлерінен құралған «Гавриловцы» командасы көрінді. Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының «Оңалту Юнайтед» құрамасы жарысқа белсене қатысқаны үшін арнайы жүлдемен марапатталды.
Сондай-ақ, «Үздік шабуылшы» аталымы бойынша «Гавриловцы» командасының ойыншысы Шепелевич Павел марапатталса, «Үздік қақпашы» аталымын «Достық» командасынан Мамырбаев Ерлан қанжығасына байлады. Турнирдің «Ең үздік гол иесі» аталымы «Достық» командасының капитаны Тлеуберді Талғатқа бұйырса, «Ең үздік қорғаушы» аталымына «Гавриловцы» командасының ойыншысы Пальгов Влад лайықты деп танылды. «Айбыны асқақ ата заң» атты шағын футбол турнирінің «Ең үздік ойыншысы» аталымын «Достық» командасынан Бейсенбаев Ануар иеленді. Барлық жүлдегерлер мен жақсы ойын өрнегін көрсеткен аяқдопшыларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Тұғыры биік тәуелсіздігіміздің алтын арқауына айналған Конституция күні құтты болсын! Еліміздің мерейі үстем болып, айдай әлемге атымыз аспандай берсін!