
ДІН МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ТОБЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘЙЕЛ ЖАМАҒАТТАРЫМЕН ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАЛАР ӨТКІЗДІ
А. ж. 27-29 қараша күндері Дін мәселелері жөніндегі Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Алматы облысында әйел жамағаттарымен, діндар қыз-келіншектермен бірқатар кездесулер өткізді. Профилактикалық іс-шаралар барысында еліміздегі діни ахуал мәселелері, қыз балалар мен әйелдердің дінге бет бұру үдерістері сынды мәселелер сөз болды. Еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығын ескере отырып, дін атын жамылатын әр түрлі ағымдардың іс-әрекеттері, олардың қауіп-қатері жан-жақты талқыланды.
Жұмыс жоспарына сәйкес Жамбыл, Қарасай, Іле аудандарының тұрғындары қамтылды. Жұмысқа дінтанушы Толғанай Мустафина, ҚМДБ Әйелдер-қыздар секторының жетекшісі Тилегенова Ақбөпе, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің баспасөз хатшысы, исламтанушы Кенесбай Айша, психолог мамандар Толегенова Алия және Жазылбекова Алия, Узақбаева Лаура тартылды.
Іс-шаралар мешіт жамағатымен, дінге қызығушылық білдіретін білімгер қыз балалармен өтті. Топ мүшелері жекелеген нүктелік кездесулерді «Жусан» арнайы операциясымен елге оралған әйелдермен жүргізді.
Сондай-ақ, РАТТ іс-сапары барысында Жауғашты елді мекеніндегі әйелдер түзету мекемесінде діни экстремизм және терроризм баптары бойынша жазасын өтеп жатқан әйелдермен де профилактикалық сұхбаттар ұйымдастырылды.
Аталмыш профилактикалық іс-шаралардың негізгі мақсаты – діннің әлеуетін ұйғара отырып, мемлекеттің дін саласындағы саясатының негізгі қағидаларын жете түсіндіру болып табылады.